Ақтөбе облысы полиция департаментінің жедел басқару орталығының камераларына 14 мыңнан астам бейнебақылау камерасы қосылған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тәулік бойы жүргізілетін бейнебақылаудың нәтижесінде жыл басынан бері 193 қылмыс ашылып, 23 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Бейнеаналитика мүмкіндіктері де кеңінен қолданылуда.
“Таза Қазақстан” жүйесі арқылы қоршаған ортаны ластау, қоқыс және ірі көлемді қалдықтарды белгіленбеген жерге шығару сияқты 595 әкімшілік құқық бұзушылық анықталған.
Камералар құқық бұзушылықтар жиі орын алатын және азаматтар көп жиналатын орындарда, сондай-ақ ойын-сауық нысандары мен қоғамдық орындарда құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген талдау негізінде орналастырылған. Бейнебақылаудың қылмыстардың алдын алудағы тиімділігін нақты мысалдардан көруге болады.
Мәселен, камералардың бірінен екі адамның қатты мас күйіндегі ер адамды оңаша жерге сүйреп апарып, оның ақшасы мен ұялы телефонын алып кеткені байқалған. Жедел басқару орталығының қызметкерлері жағдайды дер кезінде анықтап, ақпаратты полицияның кезекші бөлімшелеріне жеткізген. Тағы бір жағдайда камералар көпір үстінде болған жанжалды тіркеген. Үш жас жігіт еш себепсіз екі азаматқа шабуыл жасап, ұрып кеткен. Оқиға бейнебақылау арқылы анықталып, оған қатысы бар тұлғаларды анықтау бойынша тиісті шаралар қабылданған. Оқиға жедел басқару орталығының қызметкерлері тарапынан бейнекамера арқылы дер кезінде анықталған.
Жедел басқару орталығының қызметкерлері тәулік бойы камералар арқылы қаланың көшелері мен қоғамдық орындарындағы жағдайды бақылауда ұстайды. Бұл құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап қана қоймай, олардың алдын алуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Полиция азаматтарды қоғамдық орындарда қауіпсіздік талаптарын сақтауға, арандатушылыққа жол бермеуге және күмәнді немесе қауіпті жағдайларға куә болған кезде дереу полицияға хабарлауға шақырады.
Бейнебақылау – жазалау құралы ғана емес, ең алдымен қылмыстың алдын алуға, құқық бұзушылықты дер кезінде тоқтатуға және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған заманауи құрал.