АҚШ-та төрт баланың өліміне қатысты жантүршігерлік қылмыс тергеліп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, балалардың анасы мен әжесі оларды әкесіне сот шешімімен белгіленген жазғы демалысқа жібермеу үшін өлтірген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қаза тапқандар – 13 жастағы Харпер, 11 жастағы Хадсон және 10 жастағы егіздер Гэвин мен Грейслинн. Балалардың денелері әжесінің пәтерінен табылған.
Тергеу нұсқасына сәйкес, күдіктілер алдымен балаларға улы зат берген болуы мүмкін. Алайда оның әсері бірден байқалмаған соң, басқа тәсіл қолданған деген болжам бар.
Құқық қорғау органдары әйелдердің интернеттен инсулиннің дені сау адам ағзасына әсері және адам өліміне әкелуі мүмкін жарақаттар туралы ақпарат іздегенін анықтаған.
Полицияның алдын ала болжамынша, кенже бала уланудан аман қалған болуы мүмкін. Кейін оған пышақ жарақаты салынғаны айтылды.
Белгілі болғандай, бұған дейін қорғаншылық және қамқоршылық қызметінің мамандары бұл отбасына бірнеше рет барған. Тексеру кезінде балаларға тиісті деңгейде күтім жасалмайтыны тіркелгенімен, олардың анасы ата-ана құқығынан айырылмаған.
Оқиға көршінің полицияға хабарласуынан кейін белгілі болды. Ол отбасы мүшелерін шамамен екі апта бойы көрмегенін айтып, құқық қорғау органдарына жүгінген.
Кейін тергеушілер балалардың анасы мен әжесінің де қайтыс болғанын анықтады. Алдын ала болжам бойынша, олар қылмыстан кейін өздеріне қол жұмсаған.
Қазір полиция қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.