Қазақстандық каратэші Жоламан Биғабыл Аичи-Нагояда (Жапония) өтіп жатқан Азия ойындарында алтыннан алқа тақты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Спортшы өзінің мансабында алғаш рет Азия ойындарының алтын медалін иеленді. Жарыстан кейін отандасымыз финалдық жекпе-жек жайлы айтып, алдағы мақсатымен бөлісті.
"Еңбегімнің ақталып, жеңіске жеткеніме өте қуаныштымын.
Жалпы, жекпе-жектердің бәрі оңай болған жоқ. Финалда аға жаттықтырушылар мен бас бапкердің берген тапсырмасын орындап, жоспар бойынша жұмыс істедім. Бәрі ойдағыдай өтті.
Қобалжу кез келген жарыста болады. Бұл жолы да бапкерлер жігерлендіріп, қолдау көрсетті. Өзім де барынша уайымдамауға тырыстым. Жаттығуда пысықтаған тәсілдерімді жарыста көрсетуім керек болды. Соның бәрін орындай алдым.
Финалдағы Өзбекстан спортшысымен бұған дейін кездеспегенбіз. Ол арақашықтықты жақсы сақтап, қорғана білді. Дегенмен дұрыс әдіс-тәсілдің арқасында жеңіске жете алдым.
Бұл – тек бастамасы деп ойлаймын. Алда жабық ғимараттарда өтетін Азия ойындары бар. Сонымен қатар әлем чемпионаты күтіп тұр. Ал каратэ Олимпиада бағдарламасына қайта енсе, сол шыңды да бағындыруға бар күшімізді саламыз", - деді каратэші.