Respublica партиясының Республикалық сайлауалды штабының мүшелері Қазақстандағы ең көне кәсіпорындардың бірі – 80 жылдан астам тарихы бар «Шымкентмай» АҚ-ның еңбек ұжымымен кездесті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бүгінде кәсіпорын отандық шикізаттан 130-ға жуық өнім түрін өндіріп, оны әлемнің ондаған еліне экспорттайды.
Құрылтай депутаттығына кандидат Нұргүл Тау Respublica партиясының заң шығару қызметі аясында жүзеге асқан бірқатар бастамалар туралы айтып, жоғары білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды.
Құрылтай депутаттығына кандидаттар Әдия Әлімбаева мен Анар Төлеубаева цифрландыру мен жасанды интеллектіні дамыту мәселелеріне назар аударып, заманауи технологиялардың экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттырудағы маңызын атап өтті.
Кездесу барысында Respublica партиясының өкілдері отандық өндірісті дамыту, экспорт әлеуетін кеңейту, кәсіпорындарды жаңғырту және кәсіпкерлік қызметке қатысты әкімшілік кедергілерді азайту мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Іс-шара ашық диалог форматында өтті. Кәсіпорын қызметкерлері өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салып, Respublica партиясының өкілдері қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.