«Жігіттер» квартетінің әншісі Бағлан Әбдірайымов әлеуметтік желідегі парақшасында Тоқтар Әубәкіров туралы ойын жазып, ғарышкерді 80 жылдық мерейтойымен құттықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Аңыз адам. Нағыз тұлға. Қазақтың мақтанышы – Тоқтар Әубәкіров 80 жасқа толды! Қазір кім көрінгенді «тұлға» жасап жіберетін заман. Медиасы мықты, сыртқы жылтыры көп, бірақ ішкі салмағы аз талай танымал адамдарға жастардың еліктеп жүргенін көресің. Өйткені оларды қайталау оңай, солардай танымал болу да жеңілдеу көрінеді. Ал Тоқтар ағадай болу ше? Ол – ауыр жол. Тәртіп, еңбек, білім, табандылық пен Отанға адал қызмет етудің жолы. Биік арманның жолы. Осыны ойласам, бір өкініш көкейімде тұрады. Өмірімде бір баладан немесе жастан: «Мен Тоқтар Әубәкіровтей болғым келеді, сол кісінің жолын қуғым келеді» деген сөзді естіген емеспін. Қателесіп тұрсам, кешіріңіз. Шынымен, Тоқтар ағаны өмірлік үлгі тұтып, оның жолынан өнеге алып жүрген жастар бар ма екен? Егер бар болса, көңілдегі осы өкінішім аз да болса сейілер еді. Тоқтар ағаға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық тілеймін! Осындай алып тұлғалардың қадірін көзі тірісінде бағалай білейік», - деп жазды ол.