Қазақстандық музыкант Сеул сахнасында әлемге танымал скрипкашымен өнер көрсетті (ВИДЕО)

/
Қазақстандық музыкант Сеул сахнасында әлемге танымал скрипкашымен өнер көрсетті (ВИДЕО)
ашық дереккөзден

Белгілі қазақстандық виолончелист Эльдар Сапараев пен Кореяның танымал скрипкашысы Эдвин Ким Сеулде бірлескен концерт өткізді. Кештің басты туындысы Иоганнес Брамстың скрипка мен виолончельге арналған Қос концерті болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Күрделі әрі орындаушыдан үлкен шеберлік пен күш-қуатты талап ететін шығарма көрерменнің ерекше ықыласына бөленді.

Эльдар Сапараев Брамстың бұл туындысы өзінің сүйікті шығармаларының бірі екенін айтты.

«Брамс виолончельге жеке концерт жазбағанымен, осы шығармада скрипка мен виолончельді керемет үндестіре білді. Бұл әйел мен ер адамның жан дүниесінің тоғысуы секілді. Композитор музыка арқылы Клара Шуманға деген терең сезімін жеткізген. Ғасырлар бойы сақталған осы эмоцияны сахнада сезіну – ерекше әсер», – деді музыкант.

Эдвин Ким қазақстандық әріптесіне жоғары баға берді

Кореялық скрипкашы Эдвин Ким Эльдар Сапараевтың орындаушылық шеберлігі мен сахнадағы энергиясын ерекше атап өтті.

«Эльдар – керемет виолончелист. Жүрегінде жылуы жоқ адам әсерлі музыка орындай алмайды. Ал Эльдардың бойында мол жылылық пен қуатты энергия бар. Ол маған үлкен шабыт сыйлайды. Оны әріптес ретінде қатты құрметтеймін», – деді Эдвин Ким.

Скрипкашы Қазақстанда концерт өткізгісі келетінін де жеткізді. Оның айтуынша, Қазақстанда корей диаспорасының көп болуы елге деген қызығушылығын арттырған.

Концертті онлайн көрермендер де тамашалады

Музыкалық кеш онлайн форматта да көрсетіліп, үлкен аудитория жинады. Концерт залына келген көрермендер де қазақстандық виолончелистің өнеріне жоғары баға берді.

Музыкант Ким Гван Хун Эльдар Сапараевтың орындауын алғаш рет тыңдағанын және оның музыкалық талғамы мен шеберлігіне тәнті болғанын айтты.

«Брамстың Қос концертін ерекше әсермен тыңдадым. Эльдар Сапараевтың орындау мәнері Эдвин Кимнің шеберлігімен тамаша үйлесті», – деді ол.

Қазақстандық таланттарға қолдау көрсетіп жүр

Эльдар Сапараев қазіргі уақытта Любляна университетінде профессор болып қызмет етеді. Ол Қазақстаннан шыққан дарынды жас музыканттарды белсенді түрде қолдап келеді.

Бүгінде оның сыныбында Батырхан Иссак, Данагүл Әжікенова және Юранай Сайран есімді үш қазақстандық студент білім алып жүр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар