«Көп нәрсені дұрыс жасамаппын»: Жазира Байырбекова жан сырын ақтарды

/
«Көп нәрсені дұрыс жасамаппын»: Жазира Байырбекова жан сырын ақтарды
Әлеуметтік желіден

Қазақстандық әнші Жазира Байырбекова әлеуметтік желідегі парақшасында отбасылық өміріне қатысты ой бөлісіп, оқырмандарына сырын ақтарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Өнер иесі қазіргі жастардың өмірге деген көзқарасын бақылай отырып, өз өміріне жаңаша баға бергенін айтты.

«Мен көп нәрсені дұрыс жасамаппын. Қазіргі жастардың іс-әрекеттеріне қарасам, мен тым ыңғайлы әйел екенмін. Күйеуімнен ешқашан материалдық ештеңе сұрамаппын. Қыздармен қыдырып, күйеуімсіз достармен бас қосып көңіл көтермеппін. Жұмысыма, отбасыма арнадым уақытымның бәрін. "Мынау әйелдің міндеті, мынау еркектің міндеті" демей, ауырды да, жеңілді де бірге көтеріппін. Өзімді бірінші орынға қоймай, күйеуімді бірінші орынға қойып, әр шешім қабылдарда оның қалауын ескеріппін», – деп жазды әнші.

Жазира Байырбекованың айтуынша, отбасындағы маңызды шешімдердің соңғы сөзін көбіне жұбайының айтуын күткен.

«Маған қаталдық көрсетіп, ренжіткендерді де құрметтеп, сыйлап, кешіріп, түсінуге тырысыппын. Ойлана келе қазіргі жеткен жетістіктерімнің барлығы осы күнге дейін бәрін дұрыс жасамағанымның нәтижесі сияқты. Бәрін дұрыс жасаймын деп өмірлерін құртып алып жатқан жас отбасылар қаншама. Кейде кей нәрселерді дұрыс жасамаған да пайдалы. Аллаға шүкір», – деп түйіндеді ол.

Әншінің бұл жазбасы әлеуметтік желі қолданушылары арасында қызу талқыланып, түрлі пікірлерге себеп болды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары