Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Рудный қаласының екі тұрғынына қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сотталушы А. адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы қасақана кісі өлтірді деп айыпталды. Кәмелетке толмаған сотталушы Б. алдын ала келісім бойынша адамдар тобы жасаған қасақана кісі өлтіруге сыбайлас қатысты деп айыпталды.
Қылмыстық іс алқабилердің қатысуымен қаралды.
2026 жылғы 23 қаңтарда түнгі уақытта Рудный қаласындағы П. Корчагин көшесінде орналасқан үйлердің бірінің кіреберісінде жәбірленуші У.-дың сотталушыдан 200 000 теңге көлеміндегі ақшалай қаражатты талап етуіне байланысты бұрын туындаған жанжал негізінде сотталушы А. жәбірленуші У.-ды өлтіру мақсатында қасақана оған бірнеше рет пышақ жарақатын салған.
Алған, өмірмен үйлеспейтін дене жарақаттарының салдарынан жәбірленуші У. оқиға орнында қайтыс болған.
Осы уақытта төменгі қабатта болған кәмелетке толмаған Б. жасалған кісі өлтіру туралы анық біле тұра, құқық қорғау органдарына хабарламаған.
Қылмыс жасалғаннан кейін сотталушылар оқиға орнынан кетіп, Көкшетау қаласына жасырынған.
Жәбірленуші тарап сотталушыларды адамдар тобының алдын ала сөз байласуы арқылы кісі өлтіру қылмысын жасағаны үшін кінәлі деп тануды сұрады.
Алқабилердің қатысуымен өткізілген дауыс беру нәтижесінде шығарылған айыптау үкіміне сәйкес сотталушы А. қасақана кісі өлтіргені үшін, ал сотталушы Б. аса ауыр қылмыс туралы хабарламағаны үшін кінәлі деп танылды.
Сотталушы А.-ға жаза тағайындау кезінде сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар ретінде оның кінәсін мойындауын, сондай-ақ жәбірленушінің қылмыстық құқық бұзушылыққа себеп болған құқыққа қайшы мінез-құлқын ескерді.
Кәмелетке толмаған сотталушы Б.-ға қатысты сот оның кәмелетке толмаған жасын және қылмыстық құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын жазаны жеңілдететін мән-жайлар деп таныды.
Сотталушылардың қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
Сотталушы А.-ға 9 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленді.
Кәмелетке толмаған сотталушы Б.-ға 2 жыл 8 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалып, жазасын кәмелетке толмағандарды ұстауға арналған қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде өтеу белгіленді.
Сотталушы А.-дан жәбірленушілердің әрқайсысының — қаза болған адамның әкесі мен ағасының пайдасына моральдық зиянды өтеу үшін өтемақы өндірілді.