Қытай «Ноул» тайфунына байланысты төтенше жағдай жариялады

/
Қытай «Ноул» тайфунына байланысты төтенше жағдай жариялады
Фото: belta

Қытайда елдің оңтүстік-шығыс жағалауына 25–26 шілде күндері жетеді деп болжанып отырған «Ноул» тайфунына байланысты қызғылт сары деңгейдегі қауіп жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қытайдың Ұлттық метеорологиялық орталығы (ҰМО) жұма күні таңертең биылғы 12-тайфун саналатын «Ноулдың» елдің оңтүстік-шығыс жағалауына жақындауына байланысты тайфун туралы ескертудің төрт деңгейлі жүйесіндегі қауіптіліктің екінші деңгейі – қызғылт сары ескерту жариялағанын мәлімдеді.

ҰМО мәліметінше, жұма күні таңғы сағат 05:00-дегі жағдай бойынша тайфунның орталығы Филиппин астанасы Маниладан солтүстік-шығысқа қарай шамамен 560 шақырым қашықтықтағы теңіз акваториясында орналасқан. Мамандардың болжамынша, ол сағатына 25–30 шақырым жылдамдықпен солтүстік-батыс бағытта жылжиды.

Сондай-ақ тайфун 25 шілде кешінен 26 шілде таңына дейін Гуандун провинциясындағы Чжухай мен Фуцзянь провинциясындағы Чжанпу қалаларының арасындағы жағалау аумағына жетеді деп күтілуде. Құрлыққа шыққаннан кейін ол солтүстік-батысқа қарай жылжып, біртіндеп әлсірейді.

Жұма күні сағат 08:00-ден сенбі күні 08:00-ге дейін Тайвань аралының шығыс және оңтүстік бөліктерінде қатты және нөсер жаңбыр жауады деп болжанып отыр.

Бұдан бөлек, Оңтүстік Қытай теңізінің солтүстік-шығысында, Баши бұғазында, Тайваньның шығысындағы теңіз аймақтарында, Тайвань бұғазында, Шығыс Қытай теңізінің оңтүстігінде, сондай-ақ Тайвань, Фуцзянь және Гуандун провинцияларының орталық және шығыс жағалауларында желдің күшеюі күтіледі.

Қытайдың Су тасқыны мен құрғақшылыққа қарсы мемлекеттік штабы Гуандун және Фуцзянь провинцияларында су тасқыны мен тайфунға байланысты төтенше әрекет ету деңгейін төртінші деңгейге дейін көтерді. Бұл туралы Қытайдың Төтенше жағдайларды басқару министрлігі хабарлады.

Тайфунның жақындауына байланысты Гуандун провинциясында бірқатар шұғыл шаралар қабылданды.

Зардап шегуі мүмкін аймақтардағы жолаушылар паромдарының қозғалысы тоқтатылып, жолаушылар кемелерінің жұмысы уақытша тоқтатылды. Гуандун провинциясының Теңіз қауіпсіздігі басқармасының мәліметінше, мұнай платформаларын қоса алғанда, теңіздегі нысандарда жұмыс істейтін мыңдаған қызметкерді эвакуациялау жұма күні сағат 12:00-ге дейін аяқталады.

Апаттық-құтқару жұмыстарына құтқару кемелері, тікұшақтар, буксирлер және апат салдарын жоюға арналған арнайы кемелер жұмылдырылған.

Айта кетейік, Қытайда тайфун туралы ескерту төрт деңгейден тұрады. Оның ішінде қызыл түс – ең жоғары қауіп деңгейі, одан кейін қызғылт сары, сары және көк деңгейлер орналасқан.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар