ChatGPT кеңесіне сеніп қалған америкалық өлім аузынан қалды

/
ChatGPT кеңесіне сеніп қалған америкалық өлім аузынан қалды
Magnific.com

АҚШ-тың Флорида штатында тұратын Скотт Уинтерс OpenAI компаниясы мен оның бас директоры Сэм Альтманның үстінен сотқа шағым түсірді. Ер адам ChatGPT берген денсаулыққа қатысты кеңеске сеніп, дәрігерге уақытында жүгінбегенін айтады. Талапкердің сөзінше, соның салдарынан оның өміріне қауіп төндірген өкпе артериясының тромбоэмболиясы асқынған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл туралы CBS News басылымы жазды.

Дәрігерге бармай, чат-боттың кеңесіне сенген

Сот материалдарында Уинтерстің 2025 жылы басының жиі айналуы мен қан қысымының тұрақсыздығына байланысты ChatGPT-4o-дан кеңес сұрағаны көрсетілген.

Талапкердің мәлімдеуінше, чат-бот белгілерді аса қауіпті деп бағаламаған. Оған үйде қалып, көбірек тынығуға және арқасы шалқайып тұратын креслода демалуға кеңес берген. Сондай-ақ мұндай жағдай бірнеше рет қайталанбайынша алаңдауға негіз жоқ деген жауап берген көрінеді.

Уинтерс осы кеңестерге сеніп, медициналық көмекке жүгінбегенін айтады.

Алайда бірнеше аптадан кейін, 2025 жылдың шілдесінде ол өкпе артериясының жаппай тромбоэмболиясына ұшыраған. Бұл жағдайда қан ұйындысы өкпеге баратын артерияны жауып, адамның өміріне тікелей қауіп төндіреді.

Талап арызда ер адамның өлім аузында қалғаны жазылған.

Қозғалыссыз отыру жағдайды ушықтыруы мүмкін болған

Скотт Уинтерстің айтуынша, оны емдеген дәрігерлердің бірі аурудың асқынуына ұзақ уақыт қозғалыссыз отыру ықпал етуі мүмкін екенін жеткізген.

Талапкер мұны ChatGPT ұсынды деп көрсетілген креслода ұзақ демалу кеңесімен байланыстырып отыр. Дегенмен бұл себеп-салдарлық байланыс сот барысында дәлелденуге тиіс.

OpenAI-ға қандай айып тағылып отыр?

Уинтерстің адвокаттары мәселе тек болжамды қате кеңесте емес, оның пайдаланушыға кәсіби медициналық қорытынды секілді сенімді түрде ұсынылуында деп есептейді.

«ChatGPT-4o Скоттың денсаулық жағдайына клиникалық баға беріп, өзін медицина маманы ретінде көрсетті. Алайда оның мұндай қызмет көрсетуге біліктілігі де, лицензиясы да жоқ», – делінген талап арызда.

Талапкердің пікірінше, чат-бот жалпы ақпарат берумен шектелмей, лицензиясыз медициналық қызмет көрсеткен.

Шағымда OpenAI қауіпсіздіктен гөрі өнімді пайдалану белсенділігі мен коммерциялық мүддеге басымдық берді деген де уәж келтірілген. Адвокаттар компанияның қорғаныс тетіктері қауіпті кеңестердің алдын алуға жеткіліксіз болды деп санайды.

Чат-боттың діни мазмұндағы жауабы да шағымға енген

Скотт Уинтерс пен оған құқықтық көмек көрсетіп жатқан Tech Justice Law ұйымы чат-бот ер адамның діни сеніміне сүйенген жауап бергенін де алға тартты.

Сот құжаттарына сәйкес, ауруханаға шұғыл жеткізілген күні Уинтерс шап тұсының ауырғанын айтып, медициналық мекемеге бару қажет пе екенін ChatGPT-ден сұраған.

Талап арызда чат-бот оған:

«Құдай сіздің денеңізді үнемі сыр бере беретіндей етіп жаратқан жоқ», – деп жауап бергені жазылған.

Кейін талапкер бұл ауырсыну тромбоэмболиямен байланысты белгі болғанын білген.

Заңгерлер кеңесті дәрігерлік қатемен салыстырды

Social Media Victims Law Center ұйымының негізін қалаушы Мэттью Бергман дәл осындай кеңесті лицензиясы бар дәрігер берген жағдайда, ол медициналық қателік ретінде қарастырылуы мүмкін екенін айтты.

«Скотт Уинтерс ChatGPT өзін медицина маманы ретінде көрсеткендіктен өлім аузынан қалды. Мұндай кеңесті дәрігер бергенде, ол дәрігерлік қателік деп бағаланар еді», – деді заңгер.

Іс бойынша соттың түпкілікті шешімі әзірге шыққан жоқ. Талап арызда келтірілген мәліметтер талапкер тарапының ұстанымы саналады және сот барысында тексеріледі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар