Отандық ұшқышсыз жүйелер мен роботтандырылған кешендер сынақтан өткізілді

/
Отандық ұшқышсыз жүйелер мен роботтандырылған кешендер сынақтан өткізілді
gov.kz

«Спасск» оқу орталығының полигонында отандық ұшқышсыз жүйелер мен роботтандырылған кешендердің демонстрациялық сынақтары өтті. Қазақстандық кәсіпорындар әзірлеген перспективалы техникалық үлгілер жауынгерлік жағдайларға барынша жақын ортада тексерілді. Тәжірибелік-әскери пайдалану нәтижелері оларды еліміздің Қарулы күштеріне қабылдау мәселесін қарау кезінде ескерілетін болады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сынақ барысында ұрыс алаңында кең ауқымды міндеттерді орындай алатын заманауи роботтандырылған кешендер таныстырылды. Олар оқ-дәрілер мен инженерлік құралдарды жеткізуге, жараланғандарды эвакуациялауға, жүктерді тасымалдауға арналған. Сонымен қатар қойылған міндеттерге қарай ПКТ пулеметімен және басқа да атыс қаруларымен жабдықталуы мүмкін.

Сынақ барысында ұшқышсыз ұшу аппараттарының тобын басқару жүйесінің көрсетіліміне ерекше назар аударылды. Кешен бір операторға бір мезгілде нысаналарды жоюға арналған 100-ге дейінгі дроннан тұратын топты басқаруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүйе ұшқышсыз ұшу аппараттарына қарсы іс-қимыл міндеттерін орындайтын мамандарды даярлау барысында да қолданылады.

Сынақтарға радиоэлектрондық күрес бөлімшелері де қатысты. Бұл отандық әзірлемелердің қазіргі заманғы радиоэлектрондық басу құралдарының әсеріне төзімділігін бағалауға мүмкіндік берді.

– Бүгінде ұшқышсыз технологиялар мен роботтандырылған кешендер заманауи ұрыс алаңының ажырамас бөлігіне айналып келеді. Тәжірибелік-әскери пайдалану отандық әзірлемелердің мүмкіндіктерін объективті бағалауға, оларды одан әрі жетілдіру бағыттарын айқындауға және Қарулы күштерде қолдану перспективалары жөнінде салмақты шешім қабылдауға мүмкіндік береді, – деді демонстрациялық сынақтар комиссиясының төрағасы полковник Әмір Қасенов.

Әзірлеуші компанияның өкілі Дмитрий Поповтың айтуынша, ұсынылған барлық кешендер қазіргі заманғы талаптар мен ұшқышсыз жүйелерді қолданудың практикалық тәжірибесін ескере отырып жасалған.

– Біздің міндетіміз – әскери қызметшілерге логистика мен эвакуациядан бастап, атыстық қолдау көрсету және ұшқышсыз технологияларды қолдануға дейінгі кең ауқымды міндеттерді орындай алатын сенімді әрі тиімді шешімдерді ұсыну. Полигондағы сынақтар әскери қызметшілерден кері байланыс алып, техниканы одан әрі жетілдіруге мүмкіндік береді, – деп атап өтті ол.

Мұндай сынақтарды өткізу отандық қорғаныс-өнеркәсіптік кешеннің дамуына, заманауи технологияларды енгізуге және Қарулы күштерді қару-жарақ пен әскери техниканың перспективалы үлгілерімен жарақтандыруға ықпал етеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары