Шымкентте 30 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды

/
Шымкентте 30 отбасыға жаңа пәтердің кілті табысталды
Шымкент әкімдігі

Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков жеңілдетілген ипотека бағдарламалары арқылы баспаналы болған 30 отбасыға пәтер кілтін табыстады, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Қаланы аралау барысында жаңа пәтер кілтін табыстау рәсіміне қатыстым. «Отбасы банк» АҚ-тың «2-10-20» және «5-10-20» жеңілдетілген ипотекалық бағдарламаларының аясында тағы 30 отбасы баспаналы болды. Қоныс тойын тойлап жатқан тұрғындарды құттықтап, әр шаңыраққа амандық, береке мен бақ-дәулет тіледім», – деді Ғ. Сыздықбеков.

Кейін ол қаладағы өндірістік кәсіпорындарды аралап, олардың инвестициялық және экспорттық әлеуетін арттыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

«Сонымен қатар бейорганикалық химиялық заттар өндіруге маманданған «Тұран Химстрой» ЖШС-нің жұмысымен таныстым. Кәсіпорын жылына 12 мың тоннаға дейін сұйық каустикалық сода өндіріп, 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Компания басшылығымен өндірістік қуатты ұлғайту, экспорттық әлеуетті арттыру және каталитикалық крекингке арналған катализаторлар шығаратын зауыт салу жобасын іске асыру мәселелерін талқыладық.

Бұдан бөлек зергерлік бұйым өндіретін «Declare Group» ЖШС-нің қызметімен таныстым. Кәсіпорын ай сайын шамамен 10 мың грамм дайын өнім шығарады және 155 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кездесу барысында өткізу нарығын кеңейту, өндіріс көлемін ұлғайту және жаңа жұмыс орындарын ашу мәселелеріне ерекше назар аудардық.

Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасына қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпорындарға қажетті қолдау көрсету тетіктерін пысықтауды, олардың инвестиция және экспортқа бағытталған бастамаларын жан-жақты сүйемелдеуді тапсырдым», – деді қала әкімі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары