Банк тонамақ болған ер адам марғауды өзіне "серік" етіп барған

/
Банк тонамақ болған ер адам марғауды өзіне "серік" етіп барған
ашық дереккөзден

АҚШ-тың Мэриленд штатында ер адам алдымен зоодүкеннен марғауды ұрлап, кейін көрші орналасқан банк бөлімшесін тонауға әрекет жасаған. Белтсвилл қаласында болған тосын оқиға күдіктінің ұсталуымен аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 13 шілдеде Мэриленд штатындағы Белтсвилл қаласында болған.

New York Post басылымының мәліметінше, ер адам Pet Supplies Plus зоодүкеніне кіріп, жаңа иесін күтіп тұрған жануарлар бөлімінен Магнолия есімді үш айлық марғауды алып кеткен. Содан кейін күдікті сол сауда орталығында орналасқан PNC банкінің бөлімшесіне барған.

Полицияның хабарлауынша, ер адам банк қызметкерінен марғауды уақытша ұстап тұруды сұраған. Артынша кассирге қолма-қол ақша беруді талап еткен жазба ұсынған.

Алайда тонау әрекеті сәтсіз аяқталды. Оқиға орнына жеткен полиция қызметкерлері күдіктіні банк ғимаратының ішінде ұстады.

Ал Магнолия есімді марғау банк бөлімшесі басшысының кабинетінен табылған. Ол қауіпсіз жерде болған және ешқандай жарақат алмаған.

Зоодүкен қызметкерлерінің айтуынша, күдікті бірнеше апта бойы дүкенге күн сайын дерлік келіп жүрген. Ол әр келген сайын бірден Магнолия тұрған жерге беттейтін болған.

Бейнебақылау камералары ер адамның марғауды көтеріп алып, дүкеннен жүгіріп шыққан сәтін тіркеген.

Оқиғадан кейін Beltsville Community Cats панажайының қызметкерлері болған жағдайға әзілмен қарады. Ұйым өкілдері Магнолияның «қысқа қылмыстық мансабы» аяқталғанын және оның қайтадан мейірімді иесін іздеп жатқанын айтты.

Сондай-ақ олар марғаудың болашақ иесі "заңға бағынатын және жүрегі кең азамат болуы керек" деп әзілдеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар