Ер адам өзін алдаған әйелін 65 жылға соттатып жіберген

/
Ер адам өзін алдаған әйелін 65 жылға соттатып жіберген
guancha.cn

Қытайлық инвестор өзін алдап, мүлкін иемденуге әрекеттенген әйелінің қылмысын әшкерелеу үшін тоғыз жыл уақытын және қыруар қаржысын жұмсаған. Ақырында әйел АҚШ-та ұсталып, 65 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға 52 жастағы Ли Пин есімді инвестордың басынан өткен. Биржа арқылы дәулет жинаған ол 2014 жылы банкте қызмет істейтін Чжан Шуданьмен танысқан.

Әйел қиын отбасында өскенін, білімге өз күшімен қол жеткізгенін айтып, Лидің сеніміне кірген. Көп ұзамай ер адам оның банкіне ірі көлемде қаржы аударып, кейін екеуі шаңырақ көтерген. Ли жас жұбайына Шэньчжэнь қаласынан пәтер де сатып әперген.

Алайда үйленгеннен кейін күмәнді жағдайлар басталған. Бір күні Лидің көлігінің тежегіші істен шығып, ол жол апатына ұшырай жаздаған. Осыдан кейін жүкті әйелі кенеттен жоғалып, Лос-Анджелеске ұшып кеткен

Белгілі болғандай, Чжан өзімен бірге қомақты қаржы мен бірнеше пәтердің құжаттарын алып кеткен.

Тергеу барысында әйел мен оның сыбайласы Лидің көлігінің тежегіш жүйесін әдейі істен шығарғаны анықталған. Олардың ер адамды өлтіріп, мүлкін иемденуді жоспарлағаны айтылды. Сондай-ақ әйелдің құрсағындағы баланың Лиден емес екені белгілі болған.

Осыдан кейін инвестор жұбайын іздеуге кіріскен. Ол Қытай мен АҚШ-та жеке детективтер мен адвокаттарды жалдап, әйел туралы ақпарат берген адамға бір миллион доллар сыйақы ұсынған.

2020 жылы Қытай соты олардың некесін жарамсыз деп танып, Лиге жылжымайтын мүліктерін қайтарып берген. Ал 2024 жылы Чжан АҚШ аумағында ұсталды.

Америкалық сот әйелді алаяқтық, адам саудасы және бала ұрлау секілді бірнеше қылмыс бойынша кінәлі деп таныды. Сот үкімімен ол 65 жылға бас бостандығынан айырылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары