Филиппинде «Бави» тайфунынан қаза тапқандар саны 18 адамға жетті. Тағы 12 адам із-түзсіз жоғалған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Филиппиннің Азаматтық қорғаныс басқармасының мәліметінше, қаза болғандардың басым бөлігі көшкін астында қалып немесе суға батып көз жұмған. Жалпы табиғи апат ел бойынша шамамен 562 мың адамға әсер еткен.
Филиппиннің Атмосфералық, геофизикалық және астрономиялық қызметтер басқармасының хабарлауынша, «Бави» тайфуны оңтүстік-батыс муссонының күшеюіне себеп болған. Елдің бірқатар өңірінде нөсер жауын әлі де жалғасады деп күтілуде. Соған байланысты су тасқыны мен сел жүру қаупі жоғары күйінде қалып отыр.
Зардап шеккен аудандарда іздестіру-құтқару жасақтары жұмылдырылып, табиғи апаттың салдарын жою жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, Филиппиннің жағалау күзеті дауылды ауа райына байланысты теңіз порттарында жүздеген жолаушының жолда қалып қойғанын мәлімдеді.
Еске салайық, бұған дейін Жапонияның оңтүстігінде тайфунға байланысты қауіп туралы ескерту жарияланып, ондаған адамның жарақат алғаны хабарланған болатын.