Жүйкенің тозуы, үнемі күйзелісте жүру әйел денсаулығына айтарлықтай кері әсер етуі мүмкін. Созылмалы күйзелістің ең жиі кездесетін салдарының бірі – етеккір циклының бұзылуы. Бұл етеккірдің кешігуінен бастап, мүлде тоқтап қалуына дейін әкелуі ықтимал. Оның себебі неде және ағзаның қалыпты жұмысын қалай қалпына келтіруге болады? Бұл туралы Пирогов университетінің сарапшысы Владислав Таранов айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
– Күйзеліс етеккір циклына қалай әсер етеді?
– Әйел ағзасындағы көптеген үдерістерді гипоталамус–гипофиз–аналық бездер жүйесі басқарады. Бұл жүйе көптеген физиологиялық үдерістерді, соның ішінде етеккір циклінің сипатын реттейді. Жүйенің барлық буындары бір-бірімен тығыз байланысты.
Күйзеліс кезінде ағзада кортизол гормонының бөлінуі күшейеді. Ал кортизол гипоталамусқа әсер етіп, бірқатар биологиялық реакциялардың басталуына себеп болады. Соның нәтижесінде гормондық тепе-теңдік бұзылып, етеккір циклы өзгеруі мүмкін.
– Етеккір циклын қалай қалпына келтіруге болады?
– Ең бастысы – мәселенің негізгі себебін жою. Егер етеккірдің бұзылуына күйзеліс, дене салмағының күрт төмендеуі немесе шамадан тыс физикалық жүктеме (функционалдық гипоталамустық аменорея) себеп болса, ең алдымен салауатты өмір салтын ұстану қажет.
Сондай-ақ дұрыс әрі теңгерімді тамақтану маңызды. Рационның тәуліктік калориясы жеткілікті болуы тиіс. Етеккір циклі қалпына келгеннен кейін де дәрігер-диетологтың бақылауымен дұрыс тамақтану тәртібін сақтау ұсынылады.
Салауатты өмір салтына күйзеліске төзімділікті арттыру, қалыпты деңгейдегі дене белсенділігі және дұрыс ұйымдастырылған тамақтану жатады.