Мәскеуде алғаш рет гуманоид роботтардың символикалық неке қию рәсімі өтті. Ерекше шара А.С. Пушкин атындағы кітапханада ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz РИА Новости-ге сілтеме жасап.
«Жас жұбайлар» – кеңсе қызметкері әрі блогер Роберт пен балерина Матильда. Бұл екі робот бұған дейін Санкт-Петербург халықаралық экономикалық форумында (ПМЭФ-2026) көпшілікке таныстырылған болатын.
Рәсім барысында Роберт пен Матильда бір-біріне адалдық антын айтып, болашақта «барлық алгоритмдерде сенімді серік болуға» және «жаңа жетістіктерге шабыттандыруға» уәде берді. Кейін олардың «үй жануары» саналатын Dogmatik атты робот-ит неке білезіктерін алып шығып, роботтар олармен алмасты.
Салтанатты рәсімді жүргізуші жүйелердің толық үйлесімділігі мен екі тараптың келісіміне сүйене отырып, Роберт пен Матильданы «робот жұбайлар» деп жариялады.
Роботтарды әзірлеген IT-Imperial компаниясы бас директорының орынбасары Анна Багдасарянның айтуынша, мұндай іс-шаралар гуманоид робототехникасының мүмкіндіктерін көрсетуге және роботтардың адамдардың күнделікті өмірінде қаншалықты пайдалы бола алатынына назар аудартуға бағытталған.
Оның сөзінше, өндірістік процестердің автоматтандырылуы адамдарға мәдениетке, шығармашылыққа және өзін-өзі дамытуға көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді, ал робототехника осы үдеріске ықпал етеді.