Павлодарда заңсыз еңбек еткен 787 шетел азаматы жауапқа тартылды

/
Павлодарда заңсыз еңбек еткен 787 шетел азаматы жауапқа тартылды
polisia.kz

Павлодар облысында мыңға жуық шетелдік көші-қон заңнамасын бұзған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Павлодар облысында тұрақты түрде 12492 шетел азаматы тұрады. Олардың 2781-і алыс шетел мемлекеттерінен, ал 9711-і ТМД елдерінің азаматтары.

Биылғы жылдың алғашқы алты айында өңірге 4425 шетел азаматы келіп, полиция органдарында уақытша тіркеуден өтті. Оның ішінде 697-сі алыс шетелден, 3728-і ТМД елдерінен келген.

- Осы кезеңде 565 шетел азаматы Қазақстан Республикасының азаматтығын алды. Олардың 489-ы – этникалық қазақтар. Сонымен қатар алты ай ішінде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 991 шетел азаматы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Сот шешімімен 83 шетел азаматын Қазақстан Республикасының аумағынан шығару туралы шешім қабылданды, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қанат Сартов.

Заңсыз еңбек қызметін жүзеге асырғаны үшін 787 шетел азаматы, ал шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін 78 жұмыс беруші жауапкершілікке тартылды.

Полиция шетел азаматтарын қабылдайтын жұмыс берушілер мен азаматтарға көші-қон заңнамасының талаптарын сақтаудың маңыздылығын еске салып, белгіленген нормаларды бұзу әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатынын атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары