Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар 7 азық-түлік өнімі арзандады

/
Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар 7 азық-түлік өнімі арзандады
istockphoto.com

Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ) бағасы бір апта ішінде төмендеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 24 маусым мен 1 шілде аралығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі 99,9%-ды құрады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ең көп арзандаған өнімдер – қызанақ (8,5%-ға) пен қияр (8,3%-ға). Сонымен қатар жұмыртқа 1,5%-ға, алма 1,1%-ға, жаңа, салқындатылған және мұздатылған балық 0,4%-ға, күнбағыс майы 0,2%-ға және айран 0,1%-ға арзандады.

Ал күріш, нан және сүт бағасы бір апта ішінде өзгеріссіз қалды.

Сонымен бірге 21 тауар түрінің бағасы өсті. Ең көп қымбаттаған өнім – қырыққабат (7,9%). Пияз бен картоптың бағасы 1,9%-ға, қант 1,6%-ға өсті. Қалған тауарлар бойынша бағаның өсуі 1%-дан аспады.

Өңірлер бөлінісінде бір апта ішінде баға төрт өңірде өсті. Ақмола облысында өсім 0,2%-ды құраса, Атырау, Алматы және Солтүстік Қазақстан облыстарында 0,1%-ға артты.

Астана мен Алматы қалаларында, сондай-ақ Қарағанды және Жамбыл облыстарында баға индексі 100% деңгейінде сақталды.

Бұдан бөлек, қызанақ, қияр, жұмыртқа, күнбағыс майы және сиыр еті бағасының тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі меморандумдар күшінде. Жыл басынан бері елімізде 3 980-нен астам ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, онда өнімдер өндірушілердің бағасымен сатылып келеді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары