Қазақстандықтардың жүргізуші куәлігі енді БАӘ-де жарамды болады

/
Қазақстандықтардың жүргізуші куәлігі енді БАӘ-де жарамды болады
ortcom.kz

Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Ішкі істер министрліктері жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы меморандумға қол қойды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«2026 жылғы 25 маусымда Абу-Даби қаласында Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің Ішкі істер министрліктері жүргізуші куәліктерін өзара тану және айырбастау туралы меморандумға қол қойды.

Аталған Меморандум биыл 25 шілдеден бастап күшіне енеді. Меморандумның негізгі мақсаты - Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері азаматтарының екі ел аумағында көлік жүргізуін жеңілдету және жүргізуші куәліктерін пайдалану мен айырбастау кезінде артық рәсімдерді азайту», - деді ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Ақтоты Боранова.

Меморандум екі түрлі жағдайды қамтиды.

Біріншісі: азаматтың басқа елге уақытша баруы. Мысалы, туристік, іскерлік немесе жеке сапармен келген кезде. Бұл жағдайда Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктері бір-бірінің қолданыстағы ұлттық жүргізуші куәліктерін өзара таниды. Яғни, Қазақстан азаматы Біріккен Араб Әмірліктерінде өзінің жарамды қазақстандық жүргізуші куәлігімен автокөлік басқара алады.

Екіншісі: Қазақстан азаматы Біріккен Араб Әмірліктеріне тұрақты немесе ұзақ мерзімге қоныс аударып, тұруға ықтиярхат алған кезде. Мұндай жағдайда жүргізуші куәлігін емтихан тапсырмай-ақ айырбастауға болады. Алайда бұл жеңілдік тек жеңіл автокөліктерге қатысты екенін ескеру қажет. Ал автобус, жүк көлігі және өзге де санаттар қабылдаушы мемлекеттің заңнамасына сәйкес қаралады.

Жүргізуші куәлігін айырбастау үшін қажетті құжаттар:

1. Мемлекетте тұруға ықтиярхаттың болуы;

2. В немесе В1 санатындағы ұлттық жүргізуші куәлігі және азаматтың 18 жасқа толуы;

3. жүргізуші куәлігінің қабылдаушы мемлекеттің мемлекеттік тіліне ресми аудармасын ұсыну;

4. медициналық тексеруден өту.

Маңыздысы - ұлттық жүргізуші куәлігі өз иесінде қалады. Құзырлы органдар тек жүргізуші куәлігінің айырбасталғаны туралы бір-бірін хабардар етеді.

«Шетелге шығар алдында баратын елдің заңнамасымен, оның ішінде жолда жүру қағидаларымен алдын ала танысып, оларды қатаң сақтау қажет. Әрбір Қазақстан азаматы шетелде жүргенде өз елінің өкілі екенін ұмытпауы тиіс.

Қабылдаушы мемлекеттің заңдарын сақтау - әр азаматтың міндеті ғана емес, сонымен қатар сол елге деген құрметтің белгісі әрі Қазақстанның оң беделін қалыптастыруға қосылатын маңызды үлес», - деді спикер.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары