«Әділетсіздіктерге мұңайдым»: Роза Әлқожа өміріндегі қиын кезеңдер жайлы айтты

/
«Әділетсіздіктерге мұңайдым»: Роза Әлқожа өміріндегі қиын кезеңдер жайлы айтты
Ғаламтор

Танымал әнші Роза Әлқожа әлеуметтік желідегі парақшасында өзінің өнер жолына қалай келгенін, өнерге келуіне ата-анасы қарсы болғанын айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Мен өнерге оңай келген жоқпын. Өйткені ата-анам қарсы болды, басқа салаға баруымды сұрады. 18 жасымда өмірлік жарым кездесті, 20 жасымда Бейбарыс Қабаның анасы атандым. Алланың жоспары бәрінен мықты ғой. Әнімді жалғайтын, жаныммен сырласа алатын осы ұл туылуы керек болған шығар деп ойлаймын қазір. 16 жасымда Алматыға келгенде қыркүйек айында айтыс болды. Сол айтыста біздің топтың қыздары Жүрсін Ерманға мені ән шырқасын деп хат жіберді. Мен сахнаға имене шығып бір ақыннан домбыра сұрадым. Ол кісі «атыңды айтпасаң бермеймін» деді. Солай мен Студенттер сарайының, «Фараби сазының», «ҚазМУ-дың әншісі» атандым. Одан бері отыз жылға жуықтап қалды, - дейді ол.

Әнші сондай-ақ кездейсоқ жолыққан такси жүргізушісінің бір сөзі өзін өмір бойы қайрап келе жатқанын да жеткізді.

«Ең алғаш 1999 жылы ақын Исраил Сапарбайдың ұйғаруымен «Студенттер көктемінің» жалғыз авторлық ән номинациясын жеңіп алдым. Ғалым Боқаш, Дәулеткерей Кәпұлы, Бауыржан Халиолла сынды таланттар жүрген бұл ортада бұл бір жапырақ қағаз маған үлкен мәртебе еді. 2002 жылы қаңтар айында 4 айлық ұлыммен «Біз естімеген бір ән» байқауына қатыстым. Ұлжан Айнақұлова, Ұлықпан Жолдасов, Жанар Айжанова қатысқан байқауға жай қабылдағанның өзі маған қуаныш болды. Бәрі «жаңағы тоналар деген не сөз?» деп сұраумен болды. Сол күні әділетсіздіктерге мұңайғанымды көріп, мені апарған таксист «Оңай келген оңай кетеді» деген болатын. Сол сөз өмір бойы мені қайраумен болды. Бәлкім өмірдің түрлі сәттерінде кері қайтып кетер ме едім, осы сөз ұстап тұрды. Ештеңе оңай келмеген соң қадірін білетін шығармын?! Сол үшін де әлі күнге дейін өнер деп еңбектене беретін шығармын?! Енді «ұлым менің, мұрагерім» деп додаға жүйрігіммен қатар шабуға Алла нәсіп етуде. Бақ тілеп келіңіздер, ағайын! Сіздің де құдайдан күткен қуанышыңыз еселенсін!», - деп жазды ол.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары