Қытайдың орталығында найзағай түсіп, торнадо және дауыл тұрды. Хубэй провинциясының шығыс бөлігіне соққан табиғи апат салдарынан кемінде сегіз адам қаза тауып, тағы бір адам із-түзсіз жоғалып кетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жергілікті биліктің мәліметінше, өңірде ауа райының күрт нашарлауы дүйсенбі күні кешке басталған. Сағат 19:00-ден 23:00-ге дейін Хуанши, Хуанган, Эчжоу және Сяньнин қалаларында қатты найзағай мен дауылды жел соққан. Кейбір аудандарда желдің екпіні Қытайдағы жел күшін бағалау шкаласы бойынша 13 баллға дейін жеткен. Сонымен қатар бірқатар елді мекенде торнадо тіркеліп, тұрғын үйлер мен инфрақұрылымға айтарлықтай зиян келтірген.
Табиғи апаттан ең көп зардап шеккен аймақ – Хуанган қаласындағы Хуанчжоу ауданы. Төтенше жағдай салдарын жою жөніндегі жергілікті штабтың мәліметіне сәйкес, күшті конвективті құбылыстар қысқа уақыт ішінде ауданның үш шағынауданын басып өтіп, ғимараттарды қиратқан.
Сейсенбі күні таңертеңгі жағдай бойынша зардап шеккендердің саны 275 адамға жетті. Сонымен қатар 408 тұрғын шұғыл түрде қауіпсіз жерлерге эвакуацияланды.
Қазіргі уақытта құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.