«Таза Қазақстан»: Полицейлер Алакөл жағалауында рейд жүргізді

/
«Таза Қазақстан»: Полицейлер Алакөл жағалауында рейд жүргізді
polisia.kz

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Алакөл көлінің жағалауында Жетісу облысы полиция департаменті табиғат қорғау полициясы қызметкерлері жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірлесіп рейдтік іс-шара ұйымдастырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, табиғат қорғау заңнамасының сақталуын бақылау, көл жағалауының тазалығын сақтау, демалушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ су айдындарында қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін түсіндіру.

Рейд барысында заңсыз сауда жасау, қоршаған ортаны ластау және абаттандыру қағидаларын бұзуға қатысты 60-қа жуық әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Барлық құқық бұзушылық бойынша Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес тиісті әкімшілік шаралар қабылданды.

Сонымен қатар полиция қызметкерлері демалушылармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, табиғатты аялау, жағалау аумағының тазалығын сақтау, тұрмыстық қалдықтарды тек арнайы белгіленген орындарға тастау, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау және судағы қауіпсіздік қағидаларын қатаң ұстану қажеттігін еске салды.

Полиция өңір тұрғындары мен қонақтарын қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырады. Табиғаттың тазалығы мен демалыс орындарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету – әрбір азаматтың ортақ міндеті әрі жауапкершілігі.

Еске сала кетейік, «Таза Қазақстан» — Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған ауқымды республикалық экологиялық акция. Жоба қоршаған ортаны қорғауға, тазалықты сақтауға және ұлттық экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары