Латын әліпбиі: Жаңғыру - жазудан басталады

Латын әліпбиі: Жаңғыру - жазудан басталады

Латын әліпбиі:  Жаңғыру - жазудан басталады
ашық дереккөзі
966
Осыдан үш жыл бұрын Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген болатын. Ал жақында ғана жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Елбасы: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Яғни, 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз», – деді. Бүгінде бұл мәселе қоғамда талқы тақырыбына айналды. «Түркістан» газеті жанындағы «Алдаспан» пікірсайыс клубында бас қосқан белгілі тіл ғалымдары мен саясаттанушылар латын әліпбиіне көшудің негізгі тетіктері жайында әңгіме өрбіткен еді. Жаңабек Шағатай: Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты іргелі мақаласы жарияланды. Мұны көп күткеніміз рас. «Сабақты ине сәтімен» дейді ғой. «Қоғам қалай қабылдайды екен?» деп екіге жарылудың қажеті жоқ. Басты мәселе – ұлттық сана жаңғырып, құлдық санадан арылуға тиіспіз. Айналып келгенде, бұл идеяның астарында біртұтас ұлт құру деген мақсат бар. Елбасы «2025 жылдан латынға көшеміз» деді. Биыл үкімет қазақ тілін латын әліпбиіне көшірудің нақты кестесін дайындап, тапсыруға тиісті. Әрине, бұл жерде салмақ латын әліпби нұсқасын дайындайтын ғалымдарға түсетіні анық. Алайда бұған біздің қоғам дайын ба? Қандай мәселеге көңіл бөлу керек? Талас Омарбек: Өзім тарихшы болғандықтан, әліпби қалай болу керек дегенге жауап бере алмайтын шығармын. Бұл негізі күрделі мәселе. Елбасы мұны бірнеше рет айтты. Биыл әліпбиді анықтап, келесі жылы мамандар даярлап, оқулық шығару қолға алынсын деген мәселені көтерді. Меніңше, өте дұрыс. Кешіктірудің қажеті жоқ. Бірақ мынаны есте ұстау керек. Біздің халқымыз латын әрпін толық меңгерген жоқ. Оның алдындағы араб қарпін де жарытып үйренген емес. Өйткені араб қарпі Ахмет Байтұрсынұлының редакциялауымен бұрынғы шағатай жазуының үлгісімен салыстырыла отырып, жаңаша жазылған. Сондықтан Ахаң да сол әліпбиді сақтап қаламын деп, талай айтыс-тартысқа барды. Ал енді мұндағы қиыншылық мынау. Біздің тарихты оқыған кейінгі толқын қазақ орхон жазуын да, араб әрпін де, латынды да меңгеріп алған деуі мүмкін. Содан кейін кириллицаға көштік. Яғни, бұрынғы ұрпақтың бәрі кириллицаны қалай судыратып оқыса, бәрін де солай оқыған екен деп ойлайды. Шын мәнінде, латын қарпі киіз үйлерде сауат ашу науқаны кезінде үйретілген. Қазақтың көпшілігі латын әрпін толық меңгерген жоқ. Жекелеген әріптерді ғана білді. Меніңше, араб қарпінен латынға, одан кириллге көшу халықты мәңгүрттендіру үшін, отарлау саясатын күшейте түсу үшін жүргізілді. Сол кезде Қазақстанда қала халқы негізінен орыстар болса, коллективтендіру дәуірінде қазақ халқының 6-ақ пайызы қалада тұрды. Осыны байқаған Кеңес үкіметі әріптерді қасақана шала үйрету науқанын қолға алды. Мұны кейінгі жастарға түсіндіріп айтуымыз керек. Ал латын қарпіне келсек, 1929 жылы 7 тамызда шыққан заңның нәтижесінде «бірыңғай түркі әрпіне көшу туралы» деген бұйрық берілді. Аты айтып тұрғандай, бұл түркітілдес халықтарды жақындастыратын, бірақ Мәскеуге ұнамайтын қаулы болды. Сондықтан соғыстың қарсаңында, 1940 жылы 23 қазанда кирилл қарпіне көшіріледі деді. Жасыратын түгі жоқ, халық бір әріптен екіншісіне секіріп жүріп, сауатсыздыққа ұшырады. Депортацияның басы басталып, ұйғырларды, дұңғандарды көшіріп әкелді. Кәрістер келді. Кеңес үкіметінің әдейі қазақ халқын мәңгүрттендіру үшін, түркі халықтарынан рухани және саяси тұрғыдан қол үздіру үшін жасалған науқаны. Елбасының орхон жазуынан бергі қарай сатылап көшкен тарихымызды түгел баяндап отырғанын пайдаланып, жастарға осы мәселені тереңдеп ұғындыруымыз керек. Ең басты мақсат – тәуелділіктен арылу. Ал кириллицамен біз ешқашан бұл саясаттан құтыла алмаймыз. Өйткені Абай құсап сынасақ, қазақтың өзі мәңгүрттендіру саясатына байланысты бірнеше топқа бөлініп кетті. Біріншіден, Ресейге көшуге дайын отырған орыс-қазақтар бар. Екінші, орысша оқығанмен, жүрегі «қазақ» деп соғатын орыстанған қазақтар. Үшінші, ұлт дегенде жанын беретін, «тек қазақ аман болса болды» дейтін шектен шыққан радикалдар бар. Төртінші, басқа ұлтпен салмақты түрде салыстыра қарайтын, өз ұлтын жақсы көретін қазақтар бар. Империалистік саясат қазақты осындай дәрежеге жеткізді. Елбасы бұл мәселені неге көтеріп жатыр? Әрине президентті түсінеміз. Көпұлтты мемлекетті басқарып отыр. Мемлекет құраушы қазақтың сапалық деңгейі біраз тәрбиелеуді қажет етті. Сондықтан да латын әліпбиіне көшу мәселесінде қазақтарда ауызбіршілік болу керек. Жылдам көшу қажет. 2017 жылы әріпті анықтап, бірден көшуді бастау керек. Мұны кешіктіруге болмайды. Бір мақаламда «Петропавл, Павлодар атауын ауыстыра алмай жүргеніміз, қазақтың әлі толық тәуелсіздік алмағаны» дегенді айтып едім. Латын қарпіне көшіп, өз ішіміздегі қазақстандық азаматтарға сауал тастауымыз керек. Болашаққа бастар жолда бірліктен айырылмауға тиіспіз. Дандай Ысқақ: Қазақстандағы әліпби ауыстыру мәселесінің қыры көп. Мұның саяси, ұлттық, экономикалық және түркілік жағы бар. Осы уақытқа дейін саяси жағы кідіріс тудырды. Біз «әліптің артын бақтық». Ол да дұрыс шығар. Тілді қолға аламыз деп бүлініп жатқан елдер де бар. Қазір саяси билік бұл жағдайды қолға алды. Әлемдік жағдай дер кезінде күн тәртібіне қоюға түрткі жасады. Қазір бірнеше нұсқалары айтылып жатыр. Ең негізгі нұсқа – қазақтың барлық төл дыбыстары енген ұлттық әліпбиі болуы керек. Екінші, қазіргі техника жетістіктеріне байланысты ағылшынның дайын әліпбиін алып, қазақтың бар дыбысын салайық дейтіндер де бар. Бірақ мұнда ұлттық дыбыстар қалып қояды. Үшінші, қазақтікі де, ағылшындікі де емес, түркі халықтарының бірлігін қамтамасыз ететін түркі әліпбиін жасайық дегендер болды. Түркі кеңесі 1990 жылдары 34 әріптен тұратын ортақ әліпби жасады. Сондықтан латынға көшкен елдердің тәжірибесін пайдаланып, түркілік ортақ әліпби жасайық деген де пікір айтылуда. Мысалы, түріктер латынға көшкенде екі-үш дыбысты жоғалтып алыпты. Олар осыны ескеруге кеңес берді. Түрік ғалымдары: «Қазақстан ортақ түркілік әліпби жасаса, жаһандануға жұтылып кетпес үшін біз де қолдар едік» дейді. Бүгінде 100-ден астам жоба ұсынылып жатыр екен. Мысалы, өзбектер, әзірбайжандар латынға көшкенімен, қарсылар әлі көп. Өзбекстанда тұратын Махамбет Жүсіп деген ғалым «латынға көшудің керегі жоқ» депті. «Қазақ тілі әлемдегі бай тіл» деп жүргенімізде, қазақтың кейбір ғалымдары «сол байлықтың керегі жоқ, одан да реформа жасап, дыбыстарды азайтып, қазіргі индустриалды қоғамның тілін жасайық. Сонда компьютерге лайықталады» дегенді айтуда. Онда сөздер қысқара ма? Ақсақал, қарт, қария деген сөздер бір ғана ұғыммен атала ма? Тіпті «Атау да, дыбыс та қысқарған соң, қазақ тілі басқа ұлттардың меңгеруіне тиімді болады» дегенді де естідік. Бұл тек қана тілшілердің, фонетиктердің ғана емес, бүкіл зиялы қауымның ортақ ісі болуға тиіс. Кейбіреулер «Бұл саясат қой...» деп сенгісі келмейді. Биыл әліппе қабылдап, 2025 жылы көшуіміз керек деген бүгін ғана айтылған сөз емес. Бұл 10 жыл бұрын да Елбасының стратегиялық бағдарламаларында бар екен. Комиссия құрылып, жалпыхалықтық талдау ұйымдастырайын деп жатқан соң, сенуге болады деген сөз. Бірақ іске кірісер кезде мәселе қаптап кетейін деп тұр. Бізде әлі іс-қағаздары қазақ тіліне толық көшпеген, мектептер қазақша емес, «үш тұғырлы тіл» деп ұлттық университетте қазақ әдебиетін, Қазақстан тарихын ағылшын тілінде оқытпақшы... Мұны тұтас күйінде жүзеге асыру үшін соның бәрін қалпына келтіру керек. Бұл ұлт болып, халық болып қолға алатын іс. Сонда ғана нәтиже шығады. Ал жәй айтылған сөз болса, ол ағымдағы саяси науқан болып қала береді. Меніңше, жеке мақала, құжат ретінде шығуы – маңызды бағдарлама іспеттес. Елбасы шындап кірісіп, біраз тәжірибені ескеріп, әлемдегі жағдайды қаперге алып, бізді осындай қадамға алып келді. Қазақстанда қазақтың саны 70 пайыздан асты. Ұлт болып, ұлттық мүддені қорғаудың басты тетігі – латын әліпбиіне көшу. Сонда саяси жағынан да, рухани құндылық жөнінде де өзіміздің тәуелсіздігімізді көрсете аламыз. Тіпті мұны, басқа ұлт өкілдері де, орыстар да қолдап жатыр. Олар да түсініп келеді. Қарама-қайшы пікірлердің болуы заңдылық. Қиындықтар болады. Бірақ «шешінген судан тайынбас». Қазақстан жаңғырудың, ұлттық болмысын қалпына келтірудің алдында тұр. Талас Омарбек: Арнайы комиссия құрылады деп айттыңыз. Пікір көп. Бізде пәленбай бағдарлама бар екен. Егер комиссияның құрамына басқа ұлт өкілдері енсе, айтыс-тартыс басталады. Ал комиссия дауласып, ақыр соңында «Елбасы, мына мәселе әлі пісіп-жетілмеген екен. Кейінге қалдырайық...» деген пікір туындатпай ма? Екінші, орыс мектептерінде оқитын басқа ұлттың, әсіресе славян ұлтының өкілдері кириллицадан айрылмауға тырысады. Орыстілді мектепті бітірген түлектің көбі Ресейдің университеттеріне оқуға түсіп жатыр. Олар үшін кириллица – ең басты әліпби болып қала береді. Шын мәнінде, еліміздің латын әліпбиіне көшуіне орыс мектептерінде оқитын басқа ұлт өкілдері қалай қарайды? Дандай Ысқақ: Біз көпұлтты мемлекет болсақ та, енді ұлттық мемлекет ретінде ұлттық мүддені алға шығаруымыз керек. Әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Түркия құрылған кезде түріктер 30 пайыз ғана болған. Сол кезде Ататүрік «Бұл түріктер құрған мемлекет, сондықтан бұл жерде бәрі түрікше болады. Түрікше сөйлеген адам ғана – түрік» депті. Сондықтан да ұлттық мәселені ашып айту керек. Әрине, мәселе көп. Қазақ тілінде сөйлеуді әркім өзінен бастау керек. Ұлттық идеология салтанат құруы қажет. Бірақ қазір көшенің бәрі – қате, аударма тіл. Құжаттар орыс тілінде. Неге? Дос Көшім: Меніңше, негізгі мәселелер айтылды. Шындығында, бұл мақаланың жариялануы күтпеген жағдай болды. Ұлттық мәселеге және үкіметке нақты бағытталған жайттар тілге тиек етілген. Шындығында, реформа жасау оңай емес. Бір ғасырдың ішінде бір жерге үш рет операция жасау қиын. Біз де үшінші мәрте отаға түскелі жатырмыз. Бірақ мұның бәрімізге керектігі айдан анық. Бұл мәселеге кешенді түрде келген дұрыс. Бұдан кейін де «кириллицаға адамдар үйреніп алды, латынмен қатар жүре тұрсын» десе, онда алысқа бармаймыз. Әуелі әңгіме латын тілін үйреніп, содан кейін көшеге жазу емес, алдымен мекеме атауының бәрі латынша жазылып, жұрт содан үйренуі керек. Қазақтың өз арасында да кері тартатындар бар. Мәселе туындаған сайын, ондай пікір айтушылар қылаң береді. Қиыншылық болады. Бүкіл халық, билік болып жұмыс істейтін кез осы. Бар салмақ зиялы қауымға түседі. Айдос Сарым: Ең басты мәселе – ұлттық бірлікті сақтау. Бұл сөзсіз саяси, өркениеттік таңба. Әріп кішкентай ғана нәрсе сияқты. Бірақ көшедегі жазбалар, кітап атауы латынша болса, балабақшаға барған, мектеп бітірген ұрпақ ұлттық рухта тәрбиеленеді. Бұл – мақсат. Оның артында құн төлемі бар. Біздің буын үшін комфорт мәселесі туындап үлгерген. «Кезінде жазған бірталай мақалаларым бар еді. Бәлкім, латын қарпіне кейінірек көшсек болар еді...» деп жүре берсек, онда бұл мәселе сөзсіз кешеуілдей береді. Әр буын өзінше өзімшіл. Осы жылдың аяғына дейін бір нұсқаға келсек деймін. Әзірбайжандар «ә» деген әріпті «ә» емес дейді. Түріктерде де сондай түйткіл бар. Сондықтан түркі әлемін, өркениетті жарылқаймыз деген әңгіме емес, бұл – өзімізді-өзіміз құтқару жолы. Мәселен, жаман ауруға қарсы химиятерапия жасалады. Былай қарағанда, адамның жанын қажытып, ағзасын тоздыратын нәрсе сияқты. Бірақ шын айыққың келсе, оны амалсыз орындайсың. Белгілі тәртібі бар. Бұл да – сол сияқты ұлт ағзасын жөнге келтірудің, кезінде шалдыққан дерттен емдеудің жолы. Екінші мәселе, негізгі қарсылық орыстілді баспасөзден келеді. Бізге үнемі Өзбекстанды алға тартып, «солар сияқты қиналасыңдар!» дегенді айтады. Бірақ әзірбайжандар, түркімендер еш қиналмай латынға өтіп кетті. Кейде тіл мамандарының ішінде де ерекше фанаттар болады. «Рунаға көшу керек, Ахаңның төте жазуына өтсек» деген ойларды естідік. Мұндай таңдау жасаған кез келген ел осындай реформаны жайбарақат, қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған бейбіт заманда жүргізген емес. Әзірбайжандар да, түркімендер де соғысып жүріп өтті. Өзбектер де экономикасы қиын кезде ауысты. Біз қайта жағдайымыз біршама жақсы кезеңде өткелі отырмыз. Талас Омарбек: Айдостың сөзінің жаны бар. Осы әліпби арқылы түркі әлеміне жақындасамыз дегенді қою керек. Неге десеңіз, түркі әлемінің үлкен бөлігі кириллицада қалайын деп отыр. Түркі әлемін еш уақытта біріктіре алмаймыз. Осы уақытқа дейін Түрік академиясын Әзірбайжан мен Қазақстан ғана қаржыландыратын көрінеді. Бірде Түркияның тарих институтының директорына: «Бүкіл тұтас түркілердің тарихын жазайық» дегенде, ол: «Бізде Осман империясының тарихынан пәленбай миллион құжат бар. Біз соны оқып бітіруіміз керек. Өз тарихымызды жаза алмай жатырмыз» дегенді меңзеді. Бір ғана мысал. 1929 жылы Сталин «Біріккен түрік алфавитіне көшу» туралы қаулы шығарды. Бірақ кейін бәрі әдірем қалды. Айдос Сарым: Кейбір азаматтар «осы кезге дейін жарияланған дүниелерді латын қарпімен басу керек» дегенді айтады. Меніңше, бұл дұрыс емес. Ол да бір құн. Шынын айтсам, қазақ кеңестік жазушыларының 80-90 пайыз шығармасын оқу мүмкін емес. Оның дұрыс жолы, әр жазушыға арналған сайт жасау керек. Интернетке шығармасын жүктеген жөн. Қазір де көптеген сайттар бар. Ақпаратты тергенде төтеге де, латынға да аударады. Біз қазірден бастап сан алуан дүниені жасақтай беруіміз қажет. Қазақ жастары оқуға міндетті 100 кітап, қазақ отбасына қажетті 100 кітап деген сияқты жұмыстар әр салада қолға алынса деймін. Бұл болашақта баспагерлер тамшылатып тер төгер жұмыс. Араб қарпінен латынға, латыннан кириллге өткенде әлдеқайда көп мұра далада қалды. Екінші ұлттық жауапкершілігіміз – шетелдегі қандастарды естен шығармауға тиіспіз. Әліпбиді жасақтағанда оларға баратын оқулық, әдебиетті, рухани қажеттілігін өтейтін дүниені тұрған еліне орай өзгертіп беру қажет. Қазақ әлемінен ажырамаймын деген ұрпаққа жағдай жасалу керек. Ал өтпелі кезеңге кірісудің жолы көп. Ең оңай жолы – Ақорданың атауын латынша жазып қойса, еліміздегі басқа мекемелер де атауын ертесіне-ақ өз ақшасына ауыстырар еді. Осының айналасында экономикалық арандатулар да орын алуда. Біреулер қайдан алғанын білмеймін, әліпби ауыстыруға 35 млрд доллар кетеді деп жүр. Меніңше, ондай ақша тұрмайды. Біздің бүкіл жылдық бюджетіміз 35 млрд долларға жетер ме екен?! Мемлекеттік ақпараттық тапсырысты, мәдениет саласына бағытталған ақшаны дұрыс игере білсек, соның өзі жетеді. Комиссия экономикалық астарын дұрыстап есептесе, жұрт шошынбас еді. Бұл қазақ үшін хижра болатын шығар. Бірақ осыны алып шықсақ, оқулық, мектеп, тарих мәселесі дұрыс шешілер еді. Гуманитарлық салаға қысастық жасағандар жауапқа тартылуы керек. Тарихты, тілді дұрыс оқытпай, мынадай ұлттық мегажобаны іске асыру екіталай. Интернет ағылшын әрпі арқылы бәрін жеткізіп жүр. Бүгінгі мен өткен ғасырдың 30-жылдарын салыстыру мүмкін емес. Өзбектердің қателігі олар авторитарлы жолмен өтті және тілдік ерекшеліктерді ескерген жоқ. Көптің ықыласы болмаған соң ең жақсы деген жобаның өзі ақсап жатады. Биыл қыркүйекте мектепке баратын қазақ бүлдіршіндері 86 пайызға жетеді. Ал қазақтар 71 пайыз. Жыл сайын қазақтың саны 1-1,5 пайызға өсіп отыр. Мұны бизнес те түсінуде. Банктер латын қарпіне біртіндеп өтіп келеді. Бренд атауын үш тілде жазған тиімсіз. Бүгінгі бизнеске керегі – қазіргі қазақ ұрпағы. Тауарларды көптеп сатып алатын, пайдаланатын да осы – 20-40 жас аралығындағы ұрпақ. Демек, бизнестің латынға өтуге қарсылығы жоқ сияқты. Еш әріп, дыбыс жоғалмайтындай зерттеп, алып шықсақ болды. Әлімхан Жүнісбек: Өткен ғасырдың 50-ші жылдарының ортасында қазақ жазуына реформа жасалды. Ол кезде де айтыс-тартыс көп болды. Бірақ ол саяси реформа еді. Астарында не жатты? Мақсат – қазақ тілінің айтылуын, жазылуын орыс жазуына икемдеу. Сол реформаның нәтижесін қазір көріп отырмыз. Осы реформаның бағдарымен өскен көзі ашық тіл мамандарының өзі бас тарта алмауда. Қазіргі әліпби – қазақ әліпбиі емес, тіпті, қазақ-орыс емес, орыс-қазақ әліпбиі. Сондықтан латын әліпбиіне өту науқанын бір әліпбиден екіншісіне өту емес, қазақ жазуына реформа жасау деп түсінген дұрыс. «Ел бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген екен Ахмет Байтұрсынұлы. Қазір қолға алып жатқан дүниенің бәрі біз үшін емес, бүгін-ертең балабақшаға баратын ұрпақ үшін жасалып жатқан тірлік. Ол үшін қазақтың жазуы ұлттық болуы керек. Егер жаңағыдай аралас болса, онда басты қатырмай, осы жазуда қала беру керек. Біріншіден, қазақ тілінде қанша төл дыбыс бар, соның басын ашып алу керек. Қазақ тілінде 9 дауысты дыбыс, 17 дауыссыз дыбыс, бас-аяғы 28 дыбыс бар. Яғни, бізге керегі 28 таңба. Оған кірме дыбыс кіріп кетсе, бүкіл жүйе бұзылады. Бірақ қазіргі заманда халықаралық атаулар, терминдер көп. Оның бәрін орыс тілі тұрғысынан айтамыз. Одан құтыла алмаймыз. Мұны қалай шешеміз? Ресейдің өзі компания атауын, жарнамаларды латын қарпімен жазып жатыр. Біз де өз еркімізбен бірдеңе ойлап таппаймыз, сол халықаралық үлгінің негізінде жасауымыз керек. Бұл – ұлттық сананың жаңғыруы. Жаңғыру – жазудан басталады. Қазір «қазақтың тілі дамып кетті» деген пікірді жиі естимін. Қазақтың тілінің дамығаны – тек лексикасы ғана. Дыбыс дамыған жоқ. Керек десеңіз, қазіргі дыбыс Орхон жазуындағы дыбыстармен тең. Тағы бір мәселе – осыдан біраз жыл бұрын Түркі кеңесі 34 таңбадан тұратын әліпби түзді. Ондағы мақсат – егер түркі халқы республикалары латын әліпбиіне көшетін болса, таңбаны соның ішінен алсын деді. Әрине, сөздің айтылуы әртүрлі бола беруі мүмкін, бірақ жазылу тұрқы бәріне түсінікті болады деді. Ататүрік латын қарпіне өткенде қиналып, араб таңбаларымен жазып отырады екен. Тек біреу келіп қалса, латынша жазуға көшетін көрінеді. Біздің де басымыздан осы жағдай өтеді. Біз де латынға өтетін болсақ, биліктегілердің өздері үлгі көрсетуі қажет. Талас Омарбек: Кириллицамен жазылған дүниелер не болады? Олар аударыла ма, жоқ па? Әлімхан Жүнісбек: Біз «Абай жолын» бұдан былай шығармаймыз ба? Енді жарық көретін болса, латын қарпімен басып шығарамыз. Яғни, сұрыпталған дүниелер басылады. Мамандар ортағасырлық, көне түркі жазуларын оқып, зерттеп жатыр. Қабдеш Жұмаділовтің «Оқылатын кітап қай әліпбимен жазылса да, оқылады. Оқылмайтын кітап қалай жазсаң да, оқылмайды» деген пікіріне қосыламын. Ал өзбектер латынға көшкенде комиссия құрамында екі-ақ тіл ғалымы болыпты. Тілді не компьютерге, не компьютерді тілге икемдеуі керек еді. Өзбектер керісінше, тілін компьютерге икемдеп, латын әліпбиінің қадірін кетіріп алды. Ал Әзірбайжанның көшелерінің бәрі – латын. Ешкім адасып жүрген жоқ. Мұнда орыс тілін білмейтін ұрпақ өсіп келеді. Егер біз латын әліпбиіне қазақтың төл дыбыстарын баптап өтетін болсақ, ешқандай қиыншылық болмайды. Әрі кетсе бір-екі жыл ішінде латынша жазып шыға келеміз. Қаражат, тағы басқаның бәрі – бітпес іске себеп көп. 28 таңба керек. Амал жоқ, халықаралық терминдерді жазу үшін біраз дыбыстарды алуымыз қажет. Оның да үлгісі бар, түк қиындығы жоқ. Ең бастысы, қазіргі қолға алған тірлік – бүгінгі бүлдіршіннің қамы.  Арман Байқадам: Латынға өту – дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. ХХІ ғасыр – стандарттар мен өнімдердің бәсекелестігін арттыратын ғасыр. Біз бұған дайынбыз ба, жоқ па? Қазір стандарт бойынша 26 таңба бар. Неге осыған төл дыбыстарды орналастырмасқа? IT саласында жұмыс істеп жүргендіктен, бәрі таныс. Жасаған бағдарламаны AppStore-ға өткізбей жатыр. Себебі 26 таңбадан асып кетті. «Дыбысты өткізіңіз, бірақ 26 таңбадан аспауы керек» дейді. Мамандар қазақтың төл дыбысын бұзбай, 26 пернетақтаға орнату қажет. Елбасы сандық технологияға өтуі керек деді. Бұл латынның 26 классикалық таңбасы. Ғалымдардың түсінбей тұрғаны – таңба 26 болса, төл дыбыстарды жоғалтып аламыз деген күдік бар. Таңба – бөлек, дыбыс – бөлек. Бізде орфография бар, орфоэпия жоқ. Қазақтың төл дыбысын сақтай отырып, 26 таңбаға сыйғызып, тиімді әліпби жасауға болады. Біз мұны жасамас бұрын, бірінші стандартты белгілеп алдық. Екінші, барынша күрделендірмеу керектігін ұстандық. Үшінші, қазақтың кирилл қарпінде кеткен қателіктерін ескеріп, тілдің табиғатын сақтап қалу үшін транскрипцияны енгіздік. Төртінші, қазақтың төл сингармонизм заңына басымдық бердік. Сол стандарт арқылы 26 таңбадан тұратын әліпби жасап шықтық. Бұл мәселеде термин және аббревиатура жағын да назарға алдық. Миллиондаған термин бар. Оны қазақ тіліне тиімді енгізіп, пайдалануға болатынын қарастырдық. Яғни, орыстан, арабтан енген термин сөздерді барынша алып тастауға тырыстық. Шын мәнінде, ағылшынның 105 дыбысы 26 таңбаға сыйып тұрғанда, неге қазақтың дыбысы сыймайды? Әлімхан Жүнісбек: Қазір жасалған жобалар 100-ден асып кетті. Қосақталған таңбалар өтпейді. Біз ағылшын емес, қазақпыз. Тіпті, әріге кетер болсақ, қазақ тілінде 153 дыбыс бар. Ал дыбысты 26 таңбаға сыйғызу үшін әліпбиіміз жыпырлап кетеді. Жарайды, төл дыбысқа байланысты төл әліпби дайындап берсек, шенеуніктер жібермейді. Олар біздің дыбыстың ерекшелігін, сөздің әуезін қалай сақтауды білмейді. Арамтер болып дайындап жатырмыз, бірақ қайдам... Анар Фазылжанова: 2007 жылы алғаш рет тапсырма беріліп, шетелдік тәжірибені бажайлай бастадық. Республикалық салаарлық комиссия құрылып, әзірбайжан, өзбек, түрік ғалымдарымен кездестік. Осы процедураны жүргізіп, басы-қасында болған ғалымдармен тілдестік. Өзбекстанда бізге әліпби таңдау ісі – ең маңызды іс екенін жыларман боп жеткізді. «Әліпбидегі графемаларды таңдауды ғалымдарға берген дұрыс. Өзбекстанда комиссия құрамындағы он екі адамның тек екеуі ғана ғалым, қалғандары шенеуніктер болған. Соның кесірінен айтылған пікір сыртта қалды. Себебі технологияға икемді, аз қаражат жұмсалатын, пернетақтадағы 26 графеманы ғана алдық», – деді ғалым Әбдірахманов. Мысалы, «ш» дыбысын ағылшын тілінде «sh» деп таңбалайды. Бірақ бізде «с» мен «х» әріптерінің де тіркесі бар. Мысалы, «асхана» сөзі. Асхананы ағылшындар сияқты жазсақ «ashana», яғни «ашана» болып оқылады. Өзбекте ең жиі кездесетін есім – Исқақ. Латын әліпбиімен «Ishak» деп жазылды, оны барлығы «Ишак» деп оқыған. Ешқашан тілді техникаға икемдеуге болмайды, техниканы тілге икемдеу керек. Тіл ғасырлар бойы өмір сүреді. Мысалы, түріктер латын әліпбиіне көшкен кезде техника да болған жоқ. Өздері қабылдаған қаріп бойынша пернетақта жасап алды. Кейіннен «қ» әрпін жоғалтып алдық деп шулады. Түркиядағы «қ» әрпі қазақ тіліндегі «қ» әрпінен бөлек. Түріктердің әдеби тілінің негізіне Стамбұл диалектісі алынған, бұл – оғыз тектілердің тілі. Оғыз текті түріктердің тілінде «қ» жұмсартылып, «к» болып айтылады. Ал Анадолы түріктері – қыпшақ тектілер, олар «қ» әрпін анық айтады. Осыдан кейін түріктер «Q» пернетақтасын енгізді, онда «қ» таңбасы бар. Кез келген ұлт өзінің ұлттық мүддесі үшін техникаға қаржы құюда аянып қалмау керек, бұл болашаққа құйылған қаржы. Құжаттар өтпеді, бағдарлама жасалмады деп кідіріп қалмай, барлығын ретімен жасақтаған абзал. 2007 жылдан бері осы мәселе бойынша жинақталған сұрақтардың жауабын таптық. Қазір түркітілдес мемлекеттердің тәжірибесіне сүйеніп, ғалымдарын шақырып, комиссия құру керек деп жиі айтылып жүр. Тіл білімі институты шетел тәжірибесінің оң-солын зерделеп шықты. Бізге осы тәжірибені пайдалану керек, себебі басқа ұлттың ғалымы бізге әліпби жасап бере алмайды. Отандық тілтанушы мамандарға әліпби таңдауда басымдық берілуі тиіс деп ойлаймын. Әліпбиді тіл мамандары жасайды. Әліпби таңдауды идеология, саясат, экономикамен байланыстырудың қажеті жоқ. Мұндағы басты түйткіл – ұлттық эгоизм. Әліпби ұлттық мәселенің барлығын шешпейді. Дегенмен тіл мәселесін шешкен соң, басқа мәселелер өздері-ақ реттеледі. Бұл – таза лингвистикалық проблема. Елімізге кирилл жазуының қандай әсері болды? Шынында, бұл орыс жазуы. Жалпы, кириллицаның латын әліпбиіне қарағанда мүмкіндіктері зор. Кириллица латынның негізінде пайда болған жас графика. Оның жүйесі латынға сүйенеді, латынның оң тәжірибесін алған. Кирилл жазуын қолданатын ұлттар да оны жетілдірді. Компьютерде латынның жинақталған таңбаларына қарағанда, кириллицаның таңбалары анағұрлым көп. Бұл өте жақсы графика, тез икемделеді. Олай болса неге біз кириллицадан қашамыз? Графика тілді бере алмайды деген ұғым дұрыс емес. Егер тілтанушы мамандар мықты болса, кез келген графиканы өз ұлтына сәйкестендіріп, әліпби жасап алады. Ахмет Байтұрсынов араб жазуын пайдалана отырып, қазақтың ұлттық әліпбиі – төте жазуын жасады. Кириллицаға қарағанда латын жетілген әліпби деген ой да түбегейлі қате. Кирилл әліпбиі қазақтың санасында мықты стереотип қалыптастырған. Кирилл жазуы «мені орысша жаз» деп тұрады. Орыс тілі бізге донор тіл, бұл – тарихи ақиқат. Біз посткеңестік кеңістікте өмір сүреміз, басқа кеңістікке көшіп кете алмаймыз. Посткеңестік кеңістіктегі ақпарат көзі – орыстілді ақпарат. Егер Қазақстанда ағылшын тілінде сөйлейтін халықтың саны көп болса, олар басқа әлемге есік ашады. Ағылшын тілінен қазақ тіліне өздері-ақ тікелей аударып алады. Егер кирилл жазуында қала берсек, шет тілінен енген сөздердің бәрі орыс тілі арқылы кіреді. Олай болса, жаңа сөздерді қазақша айтылу жүйесіне сіңдіре алмай қаламыз. Бұрын тіліміз арқа сүйеген форма – ауызша сөйлеу еді. Амал жоқ, қазір жаһаният дәуірінде жазбаша тілге кез келген әдебиет арқа сүйейді. Жазбаша тіл арқылы жаңалықтар кіреді, хабар таратылады. Солай емес пе? Елімізге алғаш переселендер келіп, кеңес дәуірі орнағанша тілімізге қаншама орыс сөздері енді. Қазір айтсам, ол сөздерді танымайсыздар. Мысалы, бөкебай – пуховой, болыскей – польский, әмірқан етік – американский етік, бөрек – пирог, атбекет – адвокат, кровать – кереует. Ауызша тіл арқылы игерілген сөздер өз тілімізге еніп, икемделді. Қазір осы процесс тоқтап қалды. Бұл кез келген тілдің өміршең болуы үшін қажет механизм. Сырттан келген сөздерді игеріп отырудың ең күшті жолы – фонетикалық игеру, дыбыстық игеру. Кирилл әліпбиі енгізілгеннен кейін орыс тілінен енген сөздер орыс орфографиясымен жазылып, орыс орфоэпиясымен айтылсын деді. Өз басым үш орфографиялық сөздіктің редакторы болдым. Осыдан байқағаным, орыс сөздерінің саны жылдан жылға көбейіп келеді. Әлемдік дамуға ілесу үшін дүниелердің атауын атауымыз керек, ал олар бізге орыс тілі арқылы кіруде. Енді жаңа сөздерді тілімізге икемдеп, кирилл жазуымен түсірсек, оның образы қабылданбайды. Егер латын қаріптерімен жазсақ, қабылдауға жеңіл. Өйткені латын әліпбиінде сөзді басқа тілдің ережесімен жаз деген стереотип жоқ. Сондықтан латынға таза тілтанымдық тұрғыдан көшуіміз керек. Сонда шет тілден енген сөздерді игеру механизмі қайтадан іске қосылады, тіліміздің иммунитеті күшейеді. Ахаңның «Ел бүгіншіл, мен ертеңшіл» дегені осы. Әли Арипов: Түркияның, Әзірбайжанның тәжірибесін мысалға келтірдік. Мен барлық пікірлерге қосыла отырып, өзіміздің эгоистік мүддеміз үшін ғана латын әліпбиіне көшуді қолдаймын. Түрік әліпбиі дегенде қазан татарларының қырсықтығы еске түседі. Олар «ө» мен «ү» әрпінің нұсқасын сол күйінде қабылдағысы келді. Иә, бұл лингвистикалық қате. Бізде бастысы – стратегия болуы керек. Қазір Ресейдің ақпараттық эспансиясының астындамыз, оған қарсы тұруға қауқар жоқ. Латын әліпбиіне көшу психологиялық тұрғыдан халыққа ауыр болмайды. Сайып келгенде, арабтың жазуы да, латынның да, орыстың да жазуы біздікі емес. Өз жазуымыз – руникадан, қылышпен тасты сызып жүретін заманнан өтіп кеттік. Жапон мен қытай жазуын мысалға алсақ, Азия менталитеті бәрімізге ортақ. Бірақ латынға ауысу Жапония мен Қытайға өте ауыр болады. Олар аса үлкен таңдаудың алдында тұрды, қытайлар өз әліпбиінде қалды, жапондар өздеріне бейімдеп, үш әліпбиді пайдаланып жүр. Шыны керек, бұл өте қолайсыз. Қазір өзге елдің қателеріне қарап, төл дыбыстарды ескеріп, туысқан ұлттармен бірдей әліпбиді қабылдайық десек, Түркияның тілдік ықпалына түсіп кетуіміз мүмкін. Ол бізге керек емес. Меніңше, ең тиімдісі – ағылшын нұсқасына икемдеу. Өйткені экономика IT-мен тікелей байланысты, кодтар ағылшын тілінде жазылады. Бізде кириллмен, араб қарпімен келген әріптер бар, қазақтар өз сөзінде оны қолданбайды. Екіншіден, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейте аламыз. 70 жылдық құндылықтан айрылып қаламыз деп байбалам салу орынсыз. Осы 70 жылда әдебиет те, тарих та тұншықтырылды. Елімізге туристер неге аз келеді? Туристер біз үшін кирилл әліпбиін оқуға құштар емес. Қазақ тіліндегі сөз латын тілінде жазылса, оп-оңай оқи салады, көше атауларын қазақша оқи алады, түсінеді. Нәбижан Мұхамедханұлы: Бұл құжатты мұқият оқып шықтым. Мұнда көңіл аударатын негізгі мәселе – ұлттық сананы жаңғырту. Осы бағыттағы тапсырмалардың бірі – латын әліпбиіне көшу. Біз қай заманда отырмыз? Қазақстанның үшінші жаңғыру кезеңі. Бүкіл әлемде индустрия тілі – латынша. Қазақ үшін латын қарпі қиын емес. Өйткені мен Қытайда өз басымнан өткізгем. 1961 жылы мен 1-сыныпқа барғанда, латынша оқыдық. 1980 жылға дейін латын болды. Одан кейін қайтадан төте жазуға өтті. Бұл жазумен лекцияны ілесіп жазуға болады, тез жазылады, сауат ашуда пайдасы зор. Бұған ұлттық жазу емес, заман талабы деп қарау керек. Екінші мәселе, халқымыздың ойлау жүйесіне тән қасиет – алдымен басқаларды ойлау. Қытай элитасымен, саясаткерлерімен жұмыс істеп көрдім. Олар «басқалар не дейді» деп ешқашан ойламайды. Біз кішкене мәселе болса да «анау не дейді», «пәлен не дейді» деп ойлаймыз. Алдымен ұлттық ойлау жүйесінде реформа жүргізу қажет. Президент ұлттық бірегейлену туралы да айтты. Ұлттық бірегейлену деген не? Алдымен ұлтымыз іштей тұтастанып алуы керек. Егер Қазақстан латынға көшсе, ертең Қытайдағы қазақтар көшеді. Дүниежүзіндегі қазақтар латын қарпінде ақпарат алмасады. Мен кейде төте жазуды аударып берем, ішінде орфографиялық қателер толып жүреді. Ал мына жазуда жүйе бар, смс жазғанда бүтіндей латын қарпін қолданамын. Мен қытайша, жапонша оқыдым. Компью­терде қытайша теремін. Қытай да, Жапония да әліпбиін латынға өзгерте алмайды. Мысалы, Қытайда «ш» деп басып қалсаң, 30-40 түрлі әріпті тізіп береді. Солар да компьютерге икемдеп келтіріп отыр. Бұрын Қытай қазақтары латын қарпіне бір-ақ жылда өткен. Түркі әлеміне жетекшілік ету, саясаттандыру деген мәселені тастау керек. Қазақ қиялмен өмір сүретін халық, іске аспайтын дүниелерді аңсаймыз. Менің білгенім, орыстілді қазақтардың өзі қазақ екен. Өйткені олардың ойлау жүйесі өзгере қойған жоқ. Осындай ұрымтал тұста қазақ зиялылары бірауыздан сөйлегені дұрыс. Егер кешіктіріп алсақ, тарихи түрде опық жейтін боламыз. Техникалық тұстарын мамандар реттей жатар, саяси өрлейтін, түлейтін кезіміз келді. Жиырма бес жылдық тәжірибеміз осыны ұғындырды. Қазақ ұлты көркеймейінше, қазақ мемлекеті мәңгілік бола алмайды. Есенгүл Кәпқызы: Негізі, латын әліпбиіне өтуге ешкім қарсы емес. Маң­ызды саяси құжаттарды талқылаудан кенде емеспіз. «Түркістан» газетінде жұмыс істеген 15 жылда тіл мәселесі, саяси мәселені көтердік. Сол кезде байқағаным, айтылған дүниенің орындалуы, жетер межесіне жетуі  қиын-ақ. Яғни, қоғам жаппай қазақша сөйлемей тұрып, латын әліпбиіне көшу қиын болайын деп тұр. Айдос Сарым: Қазақ тілін қолдану дамып келе жатқанын мойындауға тиіспіз. Мысалы, жер комиссиясының отырыстарының барлығы қазақша өтті. Қалалық әкімдіктегі жиналыстар да қазақша өтеді. Анар Фазылжанова: Басты мәселе – әліпбиді қалай таңдаймыз? Әзірбайжан, Түркия, Өзбекстанға барғанда да процедураның қалай жүргенін ғалымдардан сұрап білдік. Барлығының жауабы бірдей: «Төменгі деңгейде комиссия құрылды, Жоғарғы деңгейде, үкіметтің жанынан комиссия құрылды» деді. Сонда бес-алты адамнан тұратын комиссия тұтас бір әліпбидің тағдырын шешкен. Комиссия жұмысына сын таққандар да көп болыпты. «Әліпбиді тұтынатын халықтың пікірін сұрадыңыздар ма?» деп сұрағанымда: «Халықты оқыттық» деді. Жақсы, Түркия халқы 1926 жылы латынға көшкенде, халықтың санасында латын графикасы деген концепт болған жоқ. Осман империясының мұрагері араб жазуынан басқа ештеңе білген жоқ. Бірақ Әзірбайжан мен Өзбекстанның латын қарпі туралы қандай да болсын түсінігі болды ғой. Қазір қазақстандықтардың санасында латын қаріптері туралы түсінік әбден қалыптасты. Жаһаният дәуірінде латын графикасы сапа деген концептімен байланып қалған. Мысалы, жапондар, кәрістер танымал брендтерін өз тілінде айтады, жазғанда латын қарпімен жазады. Неге өз иероглифтерімен жазбайды? Өйткені латын қарпі жаһанияттың бір символына айналып отыр. Былтыр тәжірибе жасадық. Күнделікті жазумен айналысатын 250 респондентті сарапшы ретінде тарттық. Оларға үш типтегі әліпби берілді. Бір

Серіктес жаңалықтары