«Заңсыз келуші» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Ақтөбе қаласының полиция қызметкерлері Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз жүрген шетел азаматын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
39 жастағы шетел азаматы 2022 жылы көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін Қазақстан Республикасының аумағынан шығарылып, оған елге кіруге тыйым салынған.
Жүргізілген жедел іс-шаралардың нәтижесінде аталған азамат ұсталды. Ұсталған кезде оның жеке басын куәландыратын құжаттары болмаған. Жеке басы анықталғаннан кейін ол Ақтөбе қаласы полиция басқармасының қабылдап-тарату орнына орналастырылды.
Жауап алу барысында күдікті 2024 жылдың күзінде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өткенін және содан бері Ақтөбе қаласында жасырынып жүргенін мәлімдеді.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтау, сондай-ақ заңсыз көші-қонды ұйымдастыруға қатысы бар тұлғаларды анықтау мақсатында қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын оған елге кіруге тыйым салынғанын біле тұра қасақана заңсыз кесіп өту фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.