1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді. Осылайша, елімізде жаңа саяси модель қалыптасады.
Ата Заң күшіне енгеннен кейін Құрылтай сайлауын өткізу туралы Жарлыққа қол қойылады. Сайлау өткізу 2026 жылғы тамызға жоспарланған.
Басты өзгерістің бірі – Құрылтай депутаттары өкілетінің кеңеюі. Жаңа нормалар Парламент бақылауын күшейтуге және билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті нығайту үшін қабылданды. Құрылтай депутаттары Премьер-Министрдің есебін тыңдап, министр лауазымдарына ұсынылған кандидатураларды талқылайды. Сондай-ақ Үкімет мүшелерінің есептерін қарап, қажет болған жағдайда сенімсіздік вотумын білдіруге құқылы. Бұдан бөлек, Құрылтай бірқатар маңызды мемлекеттік лауазымдарға тағайындауларға келісім береді. Олардың қатарында Вице-президент, Премьер-Министр, Конституциялық сот судьялары, Орталық сайлау комиссиясының мүшелері және Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері бар.
Жаңа саяси модель Үкіметтің халыққа көбірек есеп беруіне жол ашып, мемлекетті басқару жүйесіндегі депутаттардың рөлін нығайтуға мүмкіндік береді деген сенім бар.
Айгүл ЗАБИРОВА, Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері:
БИЛІКТІҢ ЖАҢА АРХИТЕКТУРАСЫ
– Биылғы 5 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бір ғана заңға емес, бірден бес заңнан тұратын топтамаға қол қойды. Олар – Президент туралы, Құрылтай туралы, Қазақстан халық кеңесі туралы, астананың мәртебесі туралы және әкімшілік-аумақтық құрылыс туралы заңдар.
Әрқайсысын жеке-жеке талдауға болар еді. Алайда оларды тұтас қарастырғанда бір маңызды жайт байқалады: бұл заңдар пакеті бір жағынан президенттік билікті шектесе, екінші жағынан оның айналасында жаңа институттар мен лауазымдар қалыптастырады. Мұнда қайшылық жоқ. Керісінше, осы заңдардың ішкі логикасы дәл осылай құрылған.
Кез келген саяси жүйе бір мәселемен бетпе-бет келеді: билікті шектей отырып, мемлекеттің басқару қабілетін қалай сақтап қалуға болады? Әдетте, реформалар осы міндеттердің біріне ғана басымдық береді. Ал бұл заңдар топтамасының ерекшелігі – екі мақсатты қатар жүзеге асыруға ұмтылуында.
Сондықтан мұндағы әрбір жаңа норма белгілі бір тепе-теңдік қағидатына негізделген. Бір жерде шектеу енгізілсе, сонымен қатар басқару тұрақтылығын сақтайтын тетік те қарастырылады. Президент өкілеттігі бір ғана жеті жылдық мерзіммен шектеледі, бірақ сонымен бірге Вице-президент институты енгізіледі. Тағайындауларды келісу рәсімдері кеңейтіледі, алайда стратегиялық шешім қабылдайтын бірыңғай орталық сақталады. Қоғамның араласу тетіктері күшейеді, сонымен қатар мемлекеттік институттардың өзара үйлесімді жұмысына жағдай жасайтын жүйе қалыптастырылады.
Алдымен енгізілген шектеулерге тоқталсақ. Президент енді бір ғана жеті жылдық мерзімге сайланады және қайта сайлану құқығына ие болмайды. Ант қабылдағаннан кейін он күн ішінде саяси партиядан шығуға тиіс. Кәсіпкерлікпен айналысуға немесе өзге де ақылы қызмет атқаруға тыйым салынады. Президенттің жақын туыстары да маңызды мемлекеттік лауазымдарға тағайындала алмайды. Төтенше шаралар қабылданатын жағдайда Президент Премьер-Министрмен және Құрылтай төрағасымен кеңесуі қажет. Жеке қарағанда бұлар жай ғана нормалар сияқты көрінуі мүмкін. Ал барлығын бірге қарастырсақ, олардың мақсаты – мемлекеттің белгілі бір тұлғаға емес, институтқа сүйенуіне жағдай жасау.
Сонымен қатар бұл заңдар жаңа институттар мен лауазымдарды да қалыптастырады. Мұнда маңызды айырмашылық бар. Кейбір институттар шынайы тежеу және тепе-теңдік тетігі ретінде әрекет етеді. Мысалы, белгілі бір шешімге «жоқ» деп айту құқығы бар органдар пайда болады. Құрылтай Премьер-Министр мен Конституциялық сот судьяларының кандидатураларын мақұлдауға тиіс. Астана мен облыстар әкімдерін тағайындау үшін жергілікті депутаттардың келісімі қажет болады. Бұдан былай референдум өткізу бастамасын тек жоғарыдан ғана емес, 200 мың азаматтың қолы арқылы да көтеруге болады.
Ал кейбір құрылымдар Президентке бұрынғыдай тікелей тәуелді болып қала береді. Мәселен, жоғары консультативтік орган саналатын Қазақстан халық кеңесінің құрамын Президент өзі бекітеді.
Вице-президент институты ерекше сипатқа ие. Оның кандидатурасы Құрылтай арқылы келісілгенімен, кейін ол Президенттің тапсырмаларын орындайды және Мемлекет басшысы лауазымына бірінші кезектегі мұрагер ретінде қарастырылады. Яғни, бақылау тағайындау кезеңінде жүзеге асады, ал одан кейін президенттік вертикаль қағидаты жұмыс істейді.
Өңірлік деңгейде де осыған ұқсас модель қалыптасады. Жаңа заңдар жергілікті жерде кімнің қандай өкілеттікке ие екенін нақтылайды. Мәслихаттар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары мен әкімдердің арасындағы жауапкершілік жүйесі айқындалады. Сонымен қатар төменнен жоғары қарай ықпал етудің жаңа мүмкіндігі пайда болады: 200 мың азаматтың қолы референдум бастамасын көтеруге жеткілікті болады. Бұл екі деңгейдің іс жүзінде қалай өзара әрекет ететіні әзірге ашық мәселе күйінде қалып отыр.
Жалпы алғанда, бұл заңдар топтамасы өкілеттіктерді жай ғана қайта бөлуді көздемейді. Керісінше, билікті институционалдандыруға, яғни саяси үдерістердің бір бөлігін жеке шешімдерден рәсімдерге, келісу механизмдеріне және алдын ала белгіленген ережелерге көшіруге ұмтылыс байқалады. Оның қаншалықты табысты болатынын уақыт көрсетеді. Дегенмен бес заңның барлығынан осы бағыт айқын аңғарылады.
Сондықтан негізгі сұрақ та осы жерде туындайды: бұл Президент билігінің әлсіреуі ме, әлде оның жаңа форматқа көшуі ме?
Бүгін бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Тіпті, мәселені басқаша қойған жөн шығар: жаңа нормалар іс жүзінде қай деңгейде және қалай жұмыс істейді? Өйткені бұл енді заң мәтіндеріне емес, сол заңдар негізінде құрылған институттардың әрекетіне байланысты болады. Заң ережені белгілейді, ал оның шынайы салмағын тәжірибе айқындайды.
Сондықтан бұл заңдар пакетін бүгіннен бастап толық кепілдік немесе толық қауіп ретінде бағалау ертерек. Онда екеуінің де элементтері бар. Негізгі назар нормалардың өзіне емес, жаңа институттардың іс жүзіндегі қызметіне аударылуға тиіс. Құрылтайдың алғаш рет қандай да бір кандидатураны мақұлдамай қоюы, азаматтардың бастамасымен алғашқы референдумның өткізілуі немесе жаңа институттар арасындағы алғашқы елеулі келіспеушілік – Қазақстанның саяси жүйесі туралы жүздеген заң тұжырымынан да көбірек мағлұмат береді. Заң ойын ережесін белгілейді. Ал сол ойынның сапасы жүре келе белгілі болады.
Борис ПОЛОМАРЧУК,
Өңірлермен жұмыс жөніндегі бөлімнің бас сарапшысы,
ҚСЗИ-дің Павлодар облысындағы өкілі
САЯСИ ИНЖЕНЕРИЯ
– Еліміздің жаңа саяси жүйесін қалыптастырудың келесі кезеңі басталды деп сеніммен айтуға болады. «ҚР Президенті туралы» заң президенттік биліктің жаңартылған моделін бекітеді. Алғаш рет Вице-президент лауазымы енгізіліп отыр, билік сабақтастығы тетіктері нақтыланады, бір реттік жеті жылдық мерзім қағидаты сақталады. Сонымен қатар мүдделер қақтығысының алдын алуға бағытталған шектеулер күшейтіледі. Нәтижесінде, жоғары мемлекеттік биліктің неғұрлым орнықты әрі болжауға келетін институты қалыптасады.
«ҚР Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» заң елдің жаңа жоғары өкілді және заң шығарушы органын құрады. Құрылтай заң шығару, кадр саясаты және Үкімет қызметін бақылау салаларында елеулі өкілеттіктерге ие болады. Парламенттік бақылау тетіктері күшейеді, тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесі кеңейеді, ал мемлекеттік шешімдер қабылдау процесі институционалдық тұрғыдан анағұрлым теңгерімді бола түседі.
«Қазақстан Халық кеңесі туралы» заңды ең қызғылықты саяси жаңалықтың бірі деп атауға болады. Шын мәнінде, мемлекет пен қоғам арасындағы тұрақты жұмыс істейтін конституциялық көпір пайда болады. Жаңа институттың басты айырмашылығы – заң шығару бастамасы құқығы және референдум бастау мүмкіндігі. Бұл қоғамдық сұраныстардың қоғамдық талқылаудан мемлекеттік шешімдерге тікелей жол ашатынын білдіреді.
«ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» заң бір қарағанда тек елдің картасына ғана қатысты болып көрінуі мүмкін. Ол аумақтық дамудың жаңа қағидаларын белгілейді, шешім қабылдау кезінде халық пікірінің рөлін күшейтеді, есепке алудың заманауи цифрлық тетіктерін енгізеді және аумақтар мен өңірлерді басқарудың неғұрлым ашық жүйесін қалыптастырады.
Мұның бәрінде реформалардың ортақ логикасы бар. Мемлекет неғұрлым айқын институттарға ие болса, қоғам – қатысудың жаңа тетіктеріне ие болады. Парламенттік бақылау күшейеді. Билік пен азаматтар арасындағы кері байланыс жүйелене түседі. Сондықтан бүгінгі шешімдер өз алдына жеке алғанда ғана емес, саяси жаңғыртудың үлкен процесінің бір бөлігі ретінде маңызды.
Бірақ бұл жерде мен қайталап айтып жүрген бір жайт бар. Заң өздігінен жұмыс істемейді. Мінсіз Конституция жасауға болады. Ең заманауи институттарды жазып бекітуге болады. Тежемелік әрі тепе-теңдіктің мүлтіксіз жүйесін құруға болады. Бірақ ешбір құжат мемлекетті автоматты түрде әділ, тиімді және демократиялық ете алмайды. Кез келген саяси жүйе тек құқық нормаларына ғана емес, оларды сақтау мәдениетіне де сүйенеді.
Мемлекеттің жауапкершілігі – өз заңдары бойынша өмір сүру және олардың баршаға бірдей орындалуын қамтамасыз ету. Қоғамның жауапкершілігі – өз құқығын білу, тетіктерін пайдалану, қоғамдық процестерге қызығушылық таныту және билік берілген адамдардан заңның сақталуын талап ету. Белсенді азаматтарсыз күшті мемлекет болу мүмкін емес. Ал белгіленген ережелер бойынша әрекет етпейтін мемлекетте азаматтар да белсенді бола алмайды.
Нұрдәулет НАРИМАНОВ,
ҚСЗИ Жаһандық экономика және тұрақты даму бөлімінің аға сарапшысы
ЭКОНОМИКАНЫҢ АЛДАҒЫ БАҒЫТЫН АЙҚЫНДАП БЕРЕДІ
– Экономикалық өсім көбінесе экономиканың қалай жұмыс істейтініне қатысты ережелердің сапасына байланысты анықталады. Бұл ережелер инвестиция, кәсіпкерлік пен жаңа жұмыс орындарын құруға қолайлы орта қалыптастырады. Институционалдық негіздер тұрақты әрі түсінікті болған сайын бизнестің алдындағы белгісіздік сейіледі әрі ұзақ мерзімдегі жобаларға қаражат салуға барынша дайын болады. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституцияның экономикалық мәні институционалдық ортаның негізгі қағидаларын бекітуге байланысты болып отыр, бұл елдің капитал тарту, өндірісті дамыту және өнімділікті арттыру қабілетіне тікелей әсер етеді.
Жаңа Конституцияда қарастырылған негізгі құралдың бірі – арнайы құқықтық режимдер құру мүмкіндігі. Экономикалық тұрғыдан бұл – инвестициялар мен саланы дамытуға арналған бейімделген шарттары бар аймақтарды қалыптастыру механизмі. Мұндай режимдер капитал мен инфрақұрылымды шоғырландырып, жаңа өндірістерді тез іске қосуға және технологиялық кластерлерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, осындай шешімдер көп жағдайда құрылымдық модернизация мен өнімділіктің өсуіне ықпал етеді. Мысалы, Дэн Сяопин реформалары кезеңіндегі Қытай тәжірибесін айтуға болады: арнайы экономикалық аймақтар, оның ішінде Шэньчжэнь қаласы, капитал мен технологияларды тартты, экспортқа бағытталған өндірістің дамуын жеделдетті және өнеркәсіп өсіміне оң әсер етті. Ұзақ мерзімде кейбір аймақтарда жылдық өсім 15 пайыздан асты, бұл жұмыс орындарының кеңеюі, табыстың өсуі және ірі орта таптың қалыптасуымен қатар жүрді.
Мұндай өзгерістердің экономикалық логикасы жинақтаушы сипатқа ие. Тұрақты әрі алдын ала болжанатын институционалдық орта инвестициялық белсенділікті ынталандырады, инвестициялар өндірістік қуаттарды кеңейтеді және еңбек сұранысын арттырады, ал өнімділіктің өсуі жалақы мен үй шаруашылықтарының кірісін ұлғайтуға жағдай жасайды. Кірістер өсумен бірге білімге және дағдыларды дамытуға салынатын инвестициялар күшейеді, бұл адам капиталын нығайтып, экономиканың ұзақмерзімді әлеуетін көтереді.
Жаңа Конституция тұрғысынан алғанда, еліміз үшін бұл механизмдер экономиканы әртараптандыру мен еңбек нарығын кеңейтуге арналған институционалдық негіз ретінде қарастырылады. Жаңа салалар мен өсу орталықтарының дамуы жұмыс орындарының пайда болуына, кірістің өсуіне және экономиканың тұрақтылығын күшейтуге ықпал етеді, азаматтардың дамуына мүмкіндік береді және экономиканың алдағы бағытын айқындап береді.