Бүгін Қазақстан Қарулы күштерінде ұшқышсыз авиация мамандары кәсіби мерекесін атап өтіп жатыр. Бұл дата 2022 жылғы 30 маусымда Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабының Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді (ҰАЖ) дамыту және қолдану департаменті құрылған күнмен байланысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мамандандырылған бөлімшенің құрылуы ұшқышсыз авиациялық технологиялардың қарқынды дамуы, олардың қолданылу ауқымының кеңеюі және қазіргі заманғы әскери қақтығыстар сипатының түбегейлі өзгеруімен байланысты. Ұшқышсыз авиациялық жүйелер жеке құрамның тікелей қатысуынсыз және өмірге қауіп төндірмей-ақ кең ауқымды міндеттерді орындауға мүмкіндік беріп, әскери іс-әрекеттер тиімділігін айтарлықтай арттырды.
ҰАЖ барлау жүргізу, әскерді басқару, қарсыласты оқ атып жою және жүк жеткізу сияқты негізгі міндеттерді атқаруда маңызды құралдардың бірі саналады. Олардың қолданылуы шешім қабылдау жеделдігін, жауынгерлік тапсырмаларды орындау дәлдігін және жалпы басқару тиімділігін арттырады.
Сонымен қатар, ұшқышсыз ұшу аппараттары қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және табиғи әрі техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жою шараларында да белсенді қолданылады.
Қазақстан Қарулы күштерінің қару-жарақ құрамында «шағын» деңгейден бастап «оперативтік-стратегиялық» деңгейге дейінгі әртүрлі кластағы ұшқышсыз авиациялық жүйелер бар.

Тұрақты түрде көрнекі сынақтар мен тәжірибелік-әскери жұмыстар жүргізіліп, онда ұшқышсыз авиациялық жүйелердің сенімділігі мен тактикалық-техникалық сипаттамалары тексеріледі. Сонымен қатар, Қазақстан аумағында оны өндіріске қою мәселелері де қарастырылуда.
Ұшқышсыз авиациялық жүйелерді пайдалану бойынша курсанттарды оқыту Қорғаныс министрлігінің барлық жоғары әскери оқу орындарында жүргізілуде. Щучинск пен Астана қалаларындағы әскери колледждерде ұшқышсыз және роботтандырылған жүйелерді пайдалану мен қызмет көрсету мамандары даярланады. Кадеттер осы жылы да қабылданады. Сондай-ақ бұл бағыттағы әскери қызметшілердің біліктілігін арттыру курстары тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Бүгінде ұшқышсыз авиация – Қарулы күштердегі ең қарқынды дамып келе жатқан бағыттардың бірі. Бұл сала мамандары күнделікті қызметте және түрлі оқу-жаттығулар барысында жүктелген міндеттерді табысты орындап келеді. ҰАЖ ведомствоаралық және халықаралық оқу-жаттығуларға да қатысып, барлау, оқ ату және әскери әрекеттердің ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде өз тиімділігін дәлелдеді.
Операторлар, инженерлер және техникалық мамандардың кәсібилігі, тәжірибесі мен әскери борышқа адалдығы елдің қорғаныс қабілетін нығайтуға бағытталған ұшқышсыз авиациялық технологияларды одан әрі дамытуға берік негіз болып отыр.
