Пластик бөтелкелерден аккумулятор жасауға болады

/
Пластик бөтелкелерден аккумулятор жасауға болады
сурет: istockphoto.com

АҚШ-тағы Пенсильвания мемлекеттік университетінің ғалымдары пластик бөтелкелерді аккумулятор өндірісінде қолданылатын графитке айналдырудың жаңа әдісін әзірледі. Зерттеушілердің айтуынша, бұл технология қалдықтарды қайта өңдеудің тиімділігін арттырып, энергия сақтау жүйелеріне қажетті шикізат өндіруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды turkystan.kz

Графит – электрлі көліктердің, смартфондардың және жаңартылатын энергияны сақтайтын аккумуляторлардың негізгі құрамдас бөліктерінің бірі. Осыған байланысты оған деген әлемдік сұраныс тұрақты түрде өсіп келеді. Ал полиэтилентерефталаттан (ПЭТ) жасалған пластик бөтелкелердің басым бөлігі қайта өңделгенімен, олардың едәуір бөлігі әлі де қоқыс полигондарына жөнелтіледі немесе құндылығы төмен өнімдерге айналады.

Зерттеу барысында ғалымдар ұсақталған ПЭТ пластигін салмағының небәрі 2,5 пайызы мөлшеріндегі графен оксидімен араластырып, арнайы технология бойынша жоғары температурада өңдеген. Графен оксиді көміртек атомдарының реттелген қабаттарға жиналуына ықпал етіп, сапалы графиттің түзілуіне жағдай жасаған.

Зерттеудің ерекшелігі – процесте әдетте қолданылатын темір немесе никель сияқты металл катализаторлары пайдаланылмаған. Соның арқасында дайын материалдың құрамында зиянды қоспалар қалмайды әрі өндіріс үдерісі жеңілдеп, қосымша тазарту кезеңі қажет болмайды.

Әзірге технология зертханалық кезеңде тұр. Алдағы уақытта ғалымдар алынған графиттің нақты аккумуляторларда қаншалықты тиімді жұмыс істейтінін және оны өнеркәсіптік көлемде өндіру мүмкіндігін зерттемек.

Зерттеу авторларының пікірінше, бұл тәсіл пластик қалдықтарын экологиялық проблема емес, «жасыл» энергетикаға қажетті құнды шикізат ретінде пайдалануға жол ашады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары