Бір аптада бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы арзандады – статистика

/
Бір аптада бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы арзандады – статистика
istockphoto.com

2026 жылғы 24 маусымдағы жағдай бойынша есепті аптада Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бірқатарының бағасы төмендеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ең көп арзандаған өнім – қызанақ, оның бағасы 5,5% төмендеді. Сондай-ақ І санаттағы жұмыртқа (-1,3%), қияр (-1,3%), пастерленген сүт (-0,2%), майлылығы 2-3% айран (-0,2%), майлылығы 5-9% сүзбе (-0,2%), қара шай (-0,2%), сондай-ақ ажарланған күріш және балғын, салқындатылған және мұздатылған балық, қаймақ, алма және ас тұзының бағасы (әрқайсысы -0,1%) төмендеді.

Өңірлер бөлінісінде дефляциялық үрдіс еліміздің бірқатар қалаларында байқалды. Бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының жалпы баға деңгейі Қонаевта (-0,5%), Көкшетауда (-0,4%), Павлодарда (-0,3%), Шымкентте, Атырауда және Петропавлда (әрқайсысы -0,2%) төмендеді. Ал Қостанай, Қызылорда, Семей, Тараз және Өскемен қалаларында бағалар өткен апта деңгейінде сақталды.

Өңірлердегі бағаның төмендеуіне көкөніс өнімдерінің маусымдық арзандауы, сондай-ақ бакалея тобына жататын жекелеген тауарлар бағасының төмендеуі негізгі фактор болды.

Республика бойынша қызанақтың орташа бағасы бір килограмына 654 теңгені құрады. Ең төменгі баға Шымкент қаласында тіркеліп, бір килограмы 406 теңгені құрады.

Ажарланған күріштің орташа республикалық бағасы бір килограмына 532 теңге болды. Ең қолжетімді бағалар Қызылордада – 461 теңге және Алматыда – 478 теңге деңгейінде тіркелді.

Картоптың республика бойынша орташа бағасы бір килограмына 280 теңгені құрады. Ең төменгі баға Тараз қаласында тіркеліп, бір килограмы 220 теңге болды.

І санаттағы он дана жұмыртқаның орташа бағасы республика бойынша 575 теңгені құрады. Ең төменгі бағалар Көкшетауда (486 теңге) және Ақтөбеде (488 теңге) тіркелді.

Ет өнімдері бойынша республикадағы сүйекті сиыр етінің орташа бағасы бір килограмына 3 777 теңгені, тауық етінің орташа бағасы бір килограмына 1 725 теңгені құрады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары