ІІМ автокөліктер мен жүктерді ұрлайтын алаяқтардың көбейгенін ескертті

/
ІІМ автокөліктер мен жүктерді ұрлайтын алаяқтардың көбейгенін ескертті
polisia.kz

Соңғы уақытта логистикалық платформалар арқылы автокөліктер мен түрлі жүктерді тасымалдау кезінде алаяқтық фактілері кездесуде, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қаскөйлер "Della" және "Fa-Fa.kz" сияқты сервистерді пайдаланады. Көбінесе автокөліктер мен жүктерді Алматы қаласы мен Алматы облысынан еліміздің басқа өңірлеріне жеткізу туралы хабарландырулар орналастырылады. Хабарландыру жарияланғаннан кейін алаяқтар тапсырыс берушілермен және жүргізушілермен WhatsApp мессенджері арқылы байланысады. Тапсырыс берушілерге өздерін тасымалдауды ұйымдастырушы немесе жүргізуші ретінде таныстырса, жүргізушілерге өздерін жүк иесі ретінде көрсетеді. Екі тараптың да сеніміне кіргеннен кейін тасымалдау шарттары жөнінде келісім жасайды. Алматы қаласынан шыққаннан кейін алаяқтар ұрланған автокөлік немесе жүкті басқа көлікке ауыстырып тиеп, оны өз қалауларынша пайдаланады.

Мысалы, 7 маусымда Алматы қаласының тұрғыны полицияға өзінің қымбат автокөлігінің ұрланғаны туралы арызданған. Екі күн бұрын белгісіз тұлғалар алдау арқылы оның көлігін иемденіп, 60 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірген. Уақтылы жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде полиция қызметкерлері ұрланған автокөлікті тауып, заңды иесіне қайтарды. Қылмыс жасады деген күдікпен үш адам ұсталды. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайы мен басқа да ықтимал сыбайластары анықталуда.

Осындай қылмыстардың алдын алу мақсатында ІІМ азаматтарға қауіпсіздік шараларын ұстануды ұсынады:

жүргізушінің жеке куәлігін және көлік құжаттарын мұқият тексеру;

тасымалдаушының телефон нөмірін хабарландыруда көрсетілген нөмірмен салыстыру;

жүру бағыты мен жеткізудің соңғы нүктесін алдын ала жеке талқылау;

интернеттен тасымалдаушы мен жүргізуші туралы пікірлерді зерделеу.

Құжаттарда сәйкессіздіктер байқалса, күмән туғызатын басқа да жағдайлар анықталса, тасымалдаушының қызметінен бас тартып, бұл туралы дереу 102 нөміріне хабарлау немесе жақын жердегі криминалдық полиция бөліміне жүгіну ұсынылады. Уақтылы қырағылық таныту және полицияға жүгіну қылмыстың алдын алып, кінәлілерді жауапкершілікке тартуға көмектеседі.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары