Сотты жалған айғақтар беру арқылы адастыру әрекеттері міндетті түрде қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мысалы, Щучинск қаласының тұрғыны әкімшілік іс бойынша куә ретінде жауап бере отырып, танысына жауапкершіліктен жалтаруға көмектесу мақсатында көлік құралын басқа адамның басқарғаны туралы сотқа көрінеу жалған айғақ берген. Алайда іс материалдарындағы бейнежазба оның айғақтарын жоққа шығарып, көлік құралын нақты басқарған тұлғаның кінәсін дәлелдеді.
Прокурордың өтінішхаты негізінде сот жеке қаулы шығарып, содан кейін Қылмыстық кодексінің 420-бабы (көрінеу жалған айғақ беру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды.
Алғашында сот оған бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындаған. Алайда прокуратураның апелляциялық өтінішхаты бойынша, сотталған адамның жеке басы және оның бұрын ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталғаны ескеріліп, облыстық сот жазаны өзгертіп, оны ең жоғары қауіпсіздік мекемесінде өтеумен 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Прокуратура сотта немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында көрінеу жалған айғақ беру қылмыстық жауаптылыққа әкеп соғатынын еске салады.