Ұлттық ұланның 5510 әскери бөлімінде Кеңес Одағының Батыры, көрнекті ғалым, академик және қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллин атындағы дәрісхананың салтанатты ашылу рәсімі өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараға әскери қызметшілер, ардагерлер, зиялы қауым өкілдері мен қонақтар қатысты. Дәрісхананың ашылуы батырдың ерлік жолын ұлықтап, оның мол мұрасын жас ұрпаққа насихаттауға бағытталған маңызды рухани шара болды. Салтанатты жиында әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары подполковник Жәнібек Сәрсенов құттықтау сөз сөйлеп, Мәлік Ғабдуллин есімін дәріптеудің маңызын атап өтті. Сонымен қатар запастағы полиция полковнигі, ІІМ-нің құрметті ардагері және Көкшетау қаласының құрметті азаматы Хабибулла Ғазизов батырдың ел тарихындағы ерекше орны туралы өз ойларын бөлісті.
Іс-шара барысында Азамат Қаділ орындаған «Мақтанамын» әні көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Дәрісхананың ашылу рәсімінде әскери бөлім командирі полковник Берік Қожахметов, Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғау академиясы бастығы генерал-майор Жұмабек Хасенов және Хабибулла Ғазизов салтанатты түрде лента қиып, жаңа дәрісхананы ашты. Соңында қатысушылар Мәлік Ғабдуллиннің өмірі мен жауынгерлік жолына арналған дәрісханамен танысып, батыр туралы 1943 жылы түсірілген тарихи деректі фильмді тамашалады.