Батыс Қазақстан облысында Кіші Өзен өзеніне батып кеткен үш түлектің қазасына байланысты оқиғаның жаңа мән-жайы белгілі болды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алдын ала мәлімет бойынша, 9 маусым күні кешке 17 жастағы Ұлдана Рафих, 16 жастағы Гүлхан Тұраш және 16 жастағы Нұртас Жолдығали қорытынды емтихандарын аяқтағаннан кейін табиғат аясында демалып жүрген.
Куәгерлердің айтуынша, өзен жағасында барлығы бес жасөспірім – үш қыз және екі жігіт болған. Қайғылы жағдай өте тез өрбіген: алдымен жасөспірімдердің бірі суға бата бастаған, содан кейін қалғандары оны құтқаруға ұмтылған.
«Үшеуі де сабақты жақсы оқитын оқушылар еді. Биыл олардың сыныбын бар болғаны тоғыз түлек тәмамдады. Соның бесеуі үйлеріне жақын маңдағы табиғат аясына демалуға барған. Айтуынша, қыздардың бірі өзгелерді құтқармақ болған, бірақ жігіт те олармен бірге қаза тапты. Бұл – бүкіл ауыл үшін ауыр қайғы», – деді жергілікті тұрғындардың бірі.
Куәгерлердің айтуынша, жасөспірімдерді демалыс орнына таныстары «Niva» автокөлігімен жеткізген. Оның өзі жастардың суға түсетінінен бейхабар болған көрінеді.
«Ол олардың суға түсетінін білмеген. Кейін қайғылы оқиға болды. Екі адамды аман алып қалды, ал үшеуі суға батып кетті. Қаза тапқандардың бірі оның туған қарындасы болған», – деді тағы бір ауыл тұрғыны.
Сондай-ақ, көз жұмған қыздардың бірінің жергілікті учаскелік полиция қызметкерінің қызы екені айтылды.
Құтқарушылардың мәліметінше, марқұмдардың денелері судан әртүрлі уақытта шығарылған: екіншісі – сағат 19:25-те, үшіншісі – сағат 19:42-де.
Қазіргі уақытта қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы анықталып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.