Қазақстан мектептері 1-сыныпқа қабылданатын балалардан құжат қабылдап жатыр. Алайда соның алдында көп ата-ана «Баланы мектепке неше жастан бастап берген дұрыс?» деген сұраққа бас қатырады. Қызылорда қаласында орналасқан Жақыпбек Махамбетов атындағы №43 орта мектептің педагог-психологі Жанерке Исмайлова Kazinform тілшісімен сұхбатта осы мәселенің мәнін ашуға тырысты, деп хабарлайды turkystan.kz.
- Әңгіменің не туралы екенін біліп отырсыз. Психологтар бұған қандай уәж айтады?
- Психолог ретінде мен бұл мәселеде жасқа емес, баланың психологиялық және физиологиялық дайындығына қарауды ұсынамын. Дегенмен ең қолайлы табиғи жас – 7 жас, онда да 6,5-7,5 жас аралығы. Қазіргі ата-аналар баланың әріп тану, санау, оқу сияқты зияткерлік дамуына қатты мән береді. Бірақ эмоционалды-ерік жігерін назардан тыс қалдырады. Мектеп – білім ордасы ғана емес, үлкен әлеуметтік орта және психологиялық жүктеме. Баланың мектепке дайын екенін білу үшін 3 маңызды факторға назар аудару қажет. Біріншіден, 6 жастағы бала – әлі ойын баласы. Оның миы ақпаратты тек ойын арқылы қабылдауға бейімделген. Бала 7 жасқа қарай ерікті зейін кезеңіне өтеді, яғни өзіне қызық емес болса да, мұғалімді тыңдау, 45 минут бір орында отыру, ережеге бағыну сияқты қасиеттер дәл осы шақта қалыптасады.
Келесі фактор – әлеуметтік бейімделу. Баланы мектепке бермес бұрын оның қатарластарымен қарым-қатынасына, өз бетінше шешім қабылдауына, сәтсіздіктерге қалай жауап беретініне, мысалы, қателік жібергенде жылап қалмайтынына қарау керек. Ортаға әлеуметтік бейімделуі төмен болса, бала мектептен жалығады.
Ескеру керек тағы бір нәрсе – баланың физиологиялық дайындығы. Жүйке жүйесі, омыртқасы және қолдың ұсақ моторикасы, яғни жазуға дайындығы 7 жаста барынша бекиді. 6 жаста бұл жүйелер әлі нәзік болады. Бала 6 жаста зерек болып көрінгенімен, тез шаршаса, жылауық болса, ойынға қанбаса, оның балалық шағын ұрламай, тағы бір жыл мүмкіндік берген жөн.
- Ал баланы мектепалды даярлық тобына берерде нені ескерген жөн?
- Мектепалды даярлық тобына бару үшін өте ыңғайлы кезең – 5,5 мен 6,5 жас аралығы. Бұл уақыт баланы алдағы үлкен мектеп өміріне психологиялық тұрғыдан дайындау үшін өте маңызды. 5-6 жаста баланың негізгі іс-әрекеті ойын болып қала береді. Даярлық тобы баланы бірден қатал тәртіпке салмай, ойын элементтері арқылы біртіндеп оқу үрдісіне бейімдейді. Бала бұл ортада мұғалімнің кім екенін, тапсырма орындауды, ұжымда әрекет етуді үйренеді. Бұл 1-сыныптың баспалдағы деуге болады. Даярлық тобында бала өз қатарластарымен тіл табысуды, өз пікірін жеткізуді, ең бастысы, тапсырманы дұрыс орындамаған жағдайда мұны жыламай қабылдауды үйренеді.
Ата-ана баланы даярлық тобына бергенде «Әріп танып, оқып кетсін» деген мақсат қоймауы керек. Басты мақсат — баланың бойында мектепке қызығушылық пен оң ықыласты ояту. Егер бала 5,5 жаста әлі де анасынан ажырай алмай, эмоционалды тұрғыдан өте нәзік болса, оны балабақшаның ересектер тобында қалдыра тұрған жөн.
- Мәселе деуге тұрмайтын шығар. Дегенмен үлкендерді екі ойлы еткен бұл жәйт басқа мемлекеттерде қалай жолға қойылған?
- Дүниежүзілік тәжірибеде мектепке және мектепалды даярлыққа беру жасы әртүрлі. Психолог маман ретінде салыстырмалы зерттеу жүргізгенімде не байқағанымды бөлісейін. Еліміздің білім беру жүйесі мен менталитеті еуропалық және азиялық үлгіге негізделген. Оның ішінде Германия, Жапония, Оңтүстік Корея елдерімен ұқсастық бар. Балалар 5 жастан бастап мектепалды даярлықтан өтіп, 6-7 жаста мектеп табалдырығын аттайды. Мұнда теңгерім сақталған. 5 жастағы даярлық кезеңінде балаларды тәртіпке, ұжыммен жұмыс істеуге баулиды. Бірақ негізінен ойын түрінде үйретеді.
Ал Ұлыбритания, Австралия мемлекеттері ерте бейімдеу үлгісін ұстанады. Мұнда балалар өте ерте, 4-5 жастан бастап мектеп табалдырығын аттайды. Сырттай мектеп болып көрінгенімен ішкі бағдарламасы толықтай баланың моторикасын дамытуға, сурет салу, ермексазбен жұмыс істеу және қоршаған ортаны тануға негізделген. Бір сөзбен айтқанда, әлі өсіп-жетілмеген баладан партада тапжылмай отыру талап етілмейді.
Әлемдік үрдіске көз салсақ, қай жаста басталса да, мектепке дейінгі даярлықтың басты мақсаты – баланы интеллектуалды тұрғыдан қинау емес, оны әлеуметтік ортаға бейімдеу. Сондықтан қай елде болсын, ең тиімді жүйе – баланың эмоционалды дайындығын басты орынға қоятын жүйе.
- Ұл-қызын 1-сыныпқа қашан беретінін білмей жүргендерге қандай кеңес берер едіңіз?
- Баланың мектеп табалдырығын аттауы – оның өміріндегі үлкен әрі маңызды белес. Осы кезеңде балаңыздың білімді болуымен қатар оның психологиялық денсаулығы, бақытты балалық шағын сақтау өте маңызды. Баланы мектепке ерте беріп, өзгелермен жарыстыруға асықпаңыздар. Ең бастысы, бала мектепке қорқынышпен емес, қызығушылықпен, білімге құштарлықпен баруы керек. Ата-ананың қолдауы, сабырлылығы мен шексіз махаббатты баланың табысты тұлға болып қалыптасуына кепілдік береді.