Threads желісінде әдепсіз пікір жазған семейлік азамат сотталды

/
Threads желісінде әдепсіз пікір жазған семейлік азамат сотталды
depositphotos.com

Семейде Threads әлеуметтік желісінде діни тақырыптағы жазбаларға пікір қалдырған тұрғын екі жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы қаланың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты хабарлады, деп жазады turkystan.kz.

Сот мәліметінше, Азамат И. есімді тұрғын бір жарым жылға жуық уақыт бойы Threads желісіндегі дін тақырыбына қатысты жарияланымдарға пікір жазып жүрген.

Тергеу нұсқасы бойынша, оның кейбір жазбаларында ұлттық және діни алауыздықты қоздыруға бағытталған, адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлайтын, сондай-ақ діні мен ұлтына байланысты кемсітушілік сипаттағы сөздер болған.

Ұсталғаннан кейін ер адам өзіне тағылған айыпты толық мойындап, соттан бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұраған. Ал мемлекеттік айыптаушы оны бас бостандығынан айыруды талап етті.

Сот азаматты Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі, яғни әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни алауыздықты қоздыру бойынша кінәлі деп таныды.

Жаза тағайындау кезінде сот оның шын өкінгенін, бұрын сотталмағанын, қылмыстық жауапкершілікке алғаш рет тартылғанын және тұрғылықты жері мен жұмыс орнынан берілген оң мінездемелерді ескерген.

Ауырлататын мән-жайлар анықталмағанына қарамастан, сот үкімімен ер адам екі жылға бас бостандығынан айырылды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар