ҚР Үстел теннисі федерациясы мен Astana 2027 үстел теннисінен әлем чемпионатын дайындау және өткізу жөніндегі Ұйымдастыру комитеті туристік операторларға ынтымақтастық мүмкіндіктерін таныстырды , деп хабарлайды turkystan.kz.
Астанада Қазақстан Республикасы Үстел теннисі федерациясы мен Astana 2027 үстел теннисінен әлем чемпионатын дайындау және өткізу жөніндегі Ұйымдастыру комитетінің Қазақстанның туристік операторлары және туризм саласының өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті.
Кездесу барысында халықаралық туристік ынтымақтастықты дамыту, туристік пакеттерді қалыптастыру, шетелдік қонақтарды тарту және чемпионат аясындағы сервистік қызметтерді ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Astana 2027 әлем чемпионаты әлемнің үздік спортшыларын, халықаралық делегацияларды, жанкүйерлерді, спорт және бизнес индустриясының өкілдерін, сондай-ақ Азия, Еуропа және өзге де өңірлерден келетін туристерді біріктіретін ірі халықаралық алаң болмақ. Чемпионатқа 1 500-ден астам ресми делегаттың, мыңдаған шетелдік жанкүйерлердің қатысуы және Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея, Еуропа елдері мен Таяу Шығыс мемлекеттерінен жоғары туристік ағын күтілуде. Сонымен қатар, әлем чемпионатының Орталық Азияда алғаш рет өткізілуі тарихи маңызға ие оқиға ретінде бағалануда.

Әлем чемпионатының қонақтары мен жанкүйерлері үшін арнайы туристік пакеттер әзірленеді. Олардың құрамына матч билеттері, қонақүйде орналастыру, трансфер қызметтері, Астана қаласы бойынша экскурсиялар, сувенирлік өнімдер мен мәдени бағдарламалар енгізіледі.
VIP-қонақтар үшін жоғары деңгейдегі сервис, арнайы аймақтарға қолжетімділік, ресми іс-шараларға қатысу және әуежайдағы арнайы қызметтер қарастырылған. Сонымен қатар, спортшылармен фан-кездесулер, арнайы бағдарламалар мен эксклюзивті іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Ынтымақтастық аясында Ұйымдастыру комитеті туристік серіктестерге ресми билет квотасын, туристік пакеттер қалыптастыру мүмкіндігін, чемпионаттың ресми туристік серіктесі мәртебесін, ресми символиканы пайдалану құқығын, сондай-ақ маркетингтік және ақпараттық қолдау ұсынады.
Өз кезегінде туристік операторлар халықаралық нарықта туристік пакеттерді қалыптастырып, оларды ілгерілетумен айналысады, клиенттерді логистикалық сүйемелдеуді ұйымдастырады және өз елдері мен өңірлерінде чемпионатты насихаттау жұмыстарын жүзеге асырады.

Бірлескен бастамаларды іске асыру Astana 2027 чемпионатының халықаралық деңгейдегі танымалдығын арттыруға, Қазақстанның туристік әлеуетін күшейтуге және шетелдік қонақтар мен қатысушылар үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Astana 2027 үстел теннисінен әлем чемпионатын өткізу тек ең ірі халықаралық спорттық оқиғалардың бірі ғана емес, сонымен қатар халықаралық туризмді дамытуға, іскерлік байланыстарды нығайтуға және Қазақстанның әлемдік аренадағы оң имиджін ілгерілетуге бағытталған маңызды алаңға айналады.