4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай 5573 әскери бөлімінде салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Мерекелік жиынға әскери қызметшілер, жас толым сарбаздары мен бөлім басшылығы қатысты.
Іс-шара Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаудан басталып, әскери қызметшілерге мемлекеттік рәміздердің тарихы мен маңызы кеңінен түсіндірілді. Жеке құрамға Ту, Елтаңба және Әнұранның ел тәуелсіздігі мен ұлттық бірегейлікті айқындайтын басты құндылықтар екені айтылды.
Мемлекеттік рәміздер күні – әрбір қазақстандықтың жүрегінде патриоттық сезімді нығайтып, Отанға деген сүйіспеншілікті арттыратын маңызды мерекелердің бірі. Әсіресе әскери қызметшілер үшін мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – қызметтік міндетпен қатар азаматтық парыз болып саналады.
Мерекелік жиында әскери бөлім командирінің орынбасары полковник Медет Ертайлақов сөз сөйлеп, мемлекеттік рәміздердің ел өміріндегі ерекше орнына тоқталды.
– Мемлекеттік рәміздер – Тәуелсіз Қазақстанның тұғыры мен мәртебесін айқындайтын қасиетті нышандар. Олар халқымыздың өткені мен бүгінін байланыстырып, жарқын болашаққа деген сенімін білдіреді. Әрбір әскери қызметші Мемлекеттік Туға құрмет көрсетіп, Елтаңбаны қастерлеп, Әнұранды мақтанышпен орындауы тиіс. Себебі Отанға деген адалдық пен патриоттық рух мемлекеттік рәміздерді құрметтеуден бастау алады. Бүгінгі таңда еліміздің қауіпсіздігі мен тыныштығын күзетіп жүрген ұландықтар үшін бұл құндылықтардың маңызы ерекше, – деді полковник Медет Ертайлақов.
Жас толым сарбазы қатардағы Мәди Тлек мерекелік шарадан алған әсерімен бөлісті.
– Әскер қатарына келгеннен бері мемлекеттік рәміздердің мәні мен маңызын бұрынғыдан да терең түсіне бастадым. Көк байрағымызды көрген сайын туған еліме деген мақтаныш сезімі артады. Бүгінгі іс-шара бізге ерекше рух сыйлап, Отан алдындағы жауапкершілігімізді сезінуге мүмкіндік берді. Мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың қасиетті борышы деп есептеймін, – деді жас сарбаз.
Айта кету керек, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және маңызды мемлекеттік нысандарды күзету міндеттерін атқара отырып, елдің басты құндылықтарын қорғауға да өз үлестерін қосып келеді. Сондықтан мемлекеттік рәміздерді дәріптеу мен құрметтеу ұландықтардың күнделікті қызметімен тығыз байланысты.