Әнші Жасұлан Базарбаев әлеуметтік желіде тікелей эфир кезінде көзіне жас алған сәтіне қатысты жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өнер иесінің айтуынша, эфир барысында қызының дауысын жасанды интеллект көмегімен естігенде эмоциясын жасыра алмаған.
«Қызым дүниеге келгелі бері осындай сөзді есту менің ең үлкен арманым еді. Бүгін қызымды жасанды интеллект арқылы сөйлеткен сәтте өзімді ұстай алмадым», – деп жазды ол.
Әнші бұл сәттің өзі үшін жай ғана технология емес, көптен күткен арманының орындалғанындай әсер қалдырғанын айтты.
«Қызымның аузынан шыққан әр сөзді жүрегіммен тыңдап отырдым. Мүмкін біреуге бұл жай ғана технология болып көрінер, ал мен үшін бұл – көптен күткен арманның бір сәтке болса да орындалғанындай әсер болды», – деді Жасұлан Базарбаев.
Сондай-ақ ол эфир кезінде ұзақ үзіліс жасауға мәжбүр болғанын айтып, көрермендер мен телеарнадан кешірім сұрады.