Хан Ордасы ауылында Мәдениет үйі мен мектеп күрделі жөндеуден өтті

Хан Ордасы ауылында Мәдениет үйі мен мектеп күрделі жөндеуден өтті
«AMANAT» партиясының баспасөз қызметі

Батыс Қазақстан облысы Бөкей ордасы ауданы Хан Ордасы ауылы – Қазақстандағы көптеген тарихи жетістіктердің алтын бесігі. Дәл осы жерде өз уақытында Жәңгір ханның бастамасымен еліміздегі алғашқы баспахана, мектеп, аурухана және қыз балаларға арналған оқу орны ашылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Дәстүр сабақтастығы жалғасын тауып, «AMANAT» партиясының бастамасы аясында осы тарихи елді мекенде алғаш рет кіреберіс автокөлік жолы салынды, сондай-ақ негізгі әлеуметтік нысандарды ауқымды жаңғырту жұмысы жүргізілді.

Мәселен, 1985 жылы салынған және содан бері бірде-бір рет күрделі жөндеуден өтпеген Жәңгір хан атындағы орта мектепте түбегейлі өзгеріс орын алды. 2023 жылы партия бастамасымен білім ошағының ғимараты толық жаңғыртылып, оған 319,4 млн теңге қаржы бөлінді. Осылайша, 640 оқушы орнына негізделген мектепте заманауи бейнебақылау және хабарландыру жүйелері орнатылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді, сондай-ақ материалдық-техникалық база толық жаңартылды. Соның нәтижесінде сапалы білім беру үдерісіне қолайлы жағдай жасалды.

Бұған қоса, партия бастамасы аясында ауылдағы Мәдениет үйіне күрделі жөндеу жүргізілді. Аумағы 1056 шаршы метрді құрайтын ғимаратты жаңартуға 209,3 млн теңге қаржы бөлінді. Бұл 300 орындық нысан – ауыл тұрғындарының бос уақытын тиімді өткізу және ішкі туризмді дамыту ісінде стратегиялық маңызға ие. Себебі өңірдегі тарихи мұраға деген қызығушылық жыл санап артып келеді.

Ғимаратты жаңарту жұмысы көпшілік іс-шараларды жағымды жағдайда өткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, бірегей кітап қоры бар ауыл кітапханасының сақталуын да қамтамасыз етті.

«Хан Ордасы – Бөкей ордасы ауданындағы ең маңызды елді мекендердің бірі. Азаматтар арасында ауыл мен оның тарихына деген қызығушылық артып келеді. Туристер мен жергілікті тұрғындарға қолайлы жағдай жасау үшін партия бастамасымен ауылға кіреберіс жол және бірнеше шақырым ауылішілік жол салынды. Сонымен қатар мектеп пен Мәдениет үйі сынды маңызды әлеуметтік нысандарға күрделі жөндеу жүргізілді. Партия тұрғындарды толғандыратын ең өзекті мәселелерге әрдайым жіті назар аударып, олардың шешімін табуға ықпал етеді», – деді партияның аудандық филиалының атқарушы хатшысы Жалғас Ташуов.

Хан Ордасы ауылын кешенді дамыту қадамы тарихи маңызы бар елді мекендерді өңірдің заманауи туристік орталықтарына айналдыруға деген жүйелі көзқарасты көрсетеді. Бұл жұмыс – «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған ауқымды сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың бір бөлігі. Бүгінде Батыс Қазақстан облысында осы бағдарлама аясында 29 жаңа мектеп пайдалануға берілді, жалпы сыйымдылығы 690 орындық 6 заманауи мәдениет нысаны салынды, сондай-ақ өңірдегі тағы 12 салалық нысанға күрделі жөндеу жүргізілді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары