Әскери қызметкерлердің балалары «Балдаурен» орталығында демалады

/
Әскери қызметкерлердің балалары «Балдаурен» орталығында демалады
gov.kz

Биыл әскери қызметкерлердің 1100-ден астам баласы «Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығының филиалдарында жазғы демалыстарын өткізеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алғашқылардың бірі болып орталықтың Щучинск қаласындағы филиалына Ақмола өңірлік гарнизоны әскери қызметкерлерінің 5-9-сыныптарда оқитын 15 баласы келді. Олар мұнда екі апта демалады.

Балалар үшін бүкіл ауысым бойы серуендер, экскурсиялар, шығармашылық және спорттық үйірмелердегі сабақтар, байқаулар, зияткерлік ойындар, би үйірмелері және басқа да көптеген қызықты іс-шаралар ұйымдастырылады. Сондай-ақ ағзаны шынықтырып, иммунитетті нығайтуға ықпал ететін сауықтыру процедуралары мен суға жүзу де қарастырылған.

Құрлық әскерлері бас қолбасшысы басқармасы жанындағы әскери қызметкерлердің отбасы мүшелерімен жұмыс жөніндегі қызмет басшысы Жазира Жұмабаева атап өткендей, өскелең ұрпаққа қамқорлық көрсету Қарулы күштердегі әлеуметтік жұмыстың басым бағыттарының бірі болып қала береді.

– Қорғаныс және Оқу-ағарту министрліктері арасындағы келісім аясында әскери қызметкерлердің балалары еліміздің әр өңірінде орналасқан орталық филиалдарында демалыстарын өткізу мүмкіндігіне ие. Оқу жылы барысында олар үшін мектеп бағдарламасы бойынша оқыту да ұйымдастырылады. «Балдауренде» өткізген уақыт балаларға жарқын әсерлер мен жаңа достар сыйлайтынына сенімдімін, – деді ол.

Көпбалалы ана Гүлнұр Әбдікәрімова мұндай қолдау әскери қызметкерлердің отбасылары үшін аса маңызды екенін айтады.

– Менің ұлым алғаш рет «Балдауренге» барғалы отыр. Лагерьде болу оның денсаулығына оң әсер етіп, құрдастарымен қарым-қатынас дағдыларын дамытуға және ұжымда жұмыс істеуге үйретеді деп сенемін. Балаларымыздың пайдалы әрі мазмұнды демалысын ұйымдастырғаны үшін Қорғаныс министрлігіне алғысымызды білдіреміз, – деді Г. Әбдікәрімова.

Құрлық әскерлері әскери қызметкерінің ұлы Ерасыл Рақымбеков те алдағы ауысымнан көп жаңалық күтетінін жеткізді.

– Мен «Балдаурен» лагеріне алғаш рет бара жатырмын және бұл үшін өте қуаныштымын. Жаңа достар тауып, түрлі іс-шараларға қатысатын боламын , – деді оқушы.

«Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы көптеген жылдар бойы еліміздегі жетекші балалар орталықтарының бірі болып келеді. Жыл басынан бері орталықтың сауықтыру және білім беру бағдарламаларынан Қарулы күштер әскери қызметкерлерінің 504 баласы өтті.

Олардың ішінде Щучинск қаласындағы филиалда – 105 бала, Түркістан қаласында – 91 бала, Қонаев қаласында – 196 бала, ал Балқаш қаласында – 112 бала демалды.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары