Қостанай қаласында AMANAT партиясының «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында ашылған Белсенді ұзақ өмір сүру клубы аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын қалыптастыруға бағытталған маңызды әлеуметтік алаңға айналды. Бүгінде клубқа 500-ге жуық қала тұрғыны тұрақты түрде қатысып, денсаулықтарын нығайтып, жаңа дағдыларды меңгеріп, қоғамдық өмірге белсене араласып жүр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жобаның негізгі мақсаты – егде жастағы азаматтардың өмір сапасын жақсарту, олардың қоғамнан шет қалмауына жағдай жасау және белсенді ұзақ өмір сүруге ынталандыру. Осы бағытта клубта қарым-қатынас орнатуға, өмірге деген оң көзқарасты қалыптастыруға, физикалық белсенділікті арттыруға және жас ерекшеліктеріне байланысты аурулардың алдын алуға ерекше көңіл бөлінуде.
Сонымен қатар жоба аясында эмоционалдық жағдайды нығайту, когнитивтік бұзылыстардың алдын алу, салауатты өмір салтын қалыптастыру, цифрлық сауаттылық пен шығармашылық бағыттар бойынша жаңа дағдыларды үйрету жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Мұның барлығы қатысушылардың өзіне деген сенімін арттырып, олардың қоғам өміріне белсенді араласуына мүмкіндік береді.
Клуб жұмысының негізін бес бағыт құрайды: сауықтыру, шығармашылық, психологиялық сергіту, компьютерлік және құқықтық сауаттылық секциялары. Әр бағыт аясында қатысушылардың қызығушылығына сай түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады.
Сауықтыру бағыты бойынша скандинавиялық жүріс, дойбы мен шахмат ойындары, шаңғы серуендері, буын гимнастикасы, тыныс алу жаттығулары және басқа да денсаулықты нығайтатын шаралар өткізілді. Бұл сабақтар ардагерлердің сергек жүруіне, физикалық белсенділігін сақтауға және жалпы денсаулығын жақсартуға оң әсерін тигізуде.

Ал шығармашылық секциясында қолөнер, сурет салу, вокал сабақтары ұйымдастырылып, театр шеберханасы жұмыс істеуде. Қатысушылар өз таланттарын дамытып қана қоймай, жаңа достар тауып, бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізуде.
Клуб мүшелерінің қатарында Орынбасар Қартқожақова да бар. Оның айтуынша, мұндай жобалар аға буын өкілдерінің өмірге деген құлшынысын арттыруда ерекше рөл атқарады.
«Белсенді ұзақ өмір сүру клубы – ардагерлер үшін тек бос уақыт өткізетін орын ғана емес, бұл – жаңа мүмкіндіктер алаңы. Мұнда қатысушылар денсаулықтарын нығайтып, жаңа достар тауып, шығармашылықпен айналысып, өмірге деген қызығушылықтарын арттырады. Осындай жобалардың арқасында аға буын өкілдері өздерін қоғамға қажет әрі маңызды сезінеді», – дейді клуб мүшесі Орынбасар Қартқожақова.
Жобаның жүзеге асырылуы егде жастағы адамдардың қоғамдық өмірге араласуын арттырып, олардың әлеуметтік көңіл-күйін жақсартуға және қарым-қатынас аясын кеңейтуге ықпал етуде. Сонымен бірге тұрақты өткізілетін сабақтар денсаулықты сақтауға көмектесіп, медициналық көмек пен дәрі-дәрмекке деген қажеттілікті азайтуға септігін тигізуде.
Клуб қатысушылары ұйымдастырылып жатқан іс-шаралардың маңыздылығын ерекше атап өтуде. Олардың айтуынша, мұндай кездесулер мен сабақтар денсаулықты нығайтып қана қоймай, сергектік сыйлап, жаңа білім алуға және қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік береді.
«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы – аға буынға деген құрметтің, қамқорлықтың және әлеуметтік қолдаудың нақты көрінісі. AMANAT партиясы алдағы уақытта да қарттар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды жалғастыра бермек.