Ғалымдар экранның бала психикасына кері әсері барын ескертті

/
Ғалымдар экранның бала психикасына кері әсері барын ескертті
сурет: istockphoto.com

Швейцария мен АҚШ ғалымдары балалық шақтағы тәжірибенің ми дамуына әсерін түсіндіретін жаңа тұжырымдаманы ұсынды. Зерттеушілер оны «критиком» деп атайды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ғалымдардың айтуынша, критиком – адамның туғаннан шамамен 25 жасқа дейін жинақтаған барлық сенсорлық, әлеуметтік және мәдени тәжірибесінің жиынтығы. Дәл осы кезеңде ми ерекше икемді болып, алынған ақпарат пен тәжірибе жүйке жүйесінде терең із қалдырады.

Зерттеу авторлары аутизм, шизофрения, депрессия және посттравмалық күйзеліс сияқты бірқатар психикалық бұзылыстарды ересек жаста пайда болатын дерт ретінде емес, ми дамуының ерекшеліктерімен байланысты құбылыс ретінде қарастыруды ұсынады.

Мысалы, шизофрения жасөспірім шақта ми жасушаларының дұрыс жетілмеуімен байланысты болуы мүмкін. Ал аутизм сенсорлық жүйелердің дамуына жауап беретін маңызды кезеңдердің өзгеруімен түсіндіріледі. Ерте жастағы психологиялық жарақаттар да адамның күйзеліске реакциясын өмір бойына өзгертуі ықтимал.

Зерттеушілерді ерекше алаңдататын мәселенің бірі – экрандардың балалар өміріндегі рөлінің артуы. Мамандардың пікірінше, қазіргі балалар миы ең сезімтал кезеңде ақпараттың орасан бөлігін смартфондар, планшеттер және басқа да гаджеттер арқылы қабылдайды.

Сонымен қатар ғалымдар «критиком» нақты өлшеу құралы емес, ерте тәжірибенің ми мен психикалық денсаулыққа әсерін түсіндіруге көмектесетін ғылыми тұжырымдама екенін атап өтті. Оның мақсаты – дәрігерлерге, педагогтерге және саясаткерлерге балалардың дамуы мен психикалық денсаулығын талқылауға ортақ ғылыми негіз қалыптастыру.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары