Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5548 әскери бөлімінің әскери қызметшілері қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша жауынгерлік қызмет атқару барысында адасып кеткен кішкентай баланы тауып, ата-анасына аман-есен табыстады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға кешкі уақытта Жаңаөзен қаласындағы Оразақов көшесінде орналасқан «Бөкен» базарының маңында болған. Қызмет барысында әскери жасақ жалғыз жүрген кішкентай баланы байқап қалады. Ұландықтар дереу баланың қасына барып, оның кім екенін және ата-анасының қайда екенін анықтауға тырысқан. Алайда бүлдіршін қатты абдырап қалғандықтан, ата-анасы туралы нақты мәлімет бере алмаған.
Жағдайдың маңыздылығын ескерген әскери жасақ бастығы қатардағы Нұрдәулет Ибрай мен патрульшілер Асқар Киреев және Нұрболат Рамазан бұл туралы дереу кезекші бөлімге хабарлаған. Ұландықтардың жедел әрі үйлесімді әрекеттерінің нәтижесінде баланың ата-анасы қысқа уақыт ішінде анықталып, бүлдіршін өз отбасына аман-есен жеткізілді.
— Ұлымыздың табылғанын естігенде қатты қуандық. Ол аулада балалармен ойнап жүріп, байқамай көшеге шығып кетіпті. Баламызды тауып, бізге аман тапсырған Ұлттық ұлан әскери қызметшілеріне шын жүректен алғысымызды білдіреміз, — деді баланың анасы.
Бұл оқиға Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін тағы бір мәрте көрсетті. Ұландықтар күнделікті қызмет барысында құқық бұзушылықтардың алдын алып қана қоймай, қиын жағдайға тап болған азаматтарға дер кезінде көмек көрсетіп келеді.