«Жеңіл табысқа» алданбаңыз: полиция жасөспірімдерге ескерту жасады

/
«Жеңіл табысқа» алданбаңыз: полиция жасөспірімдерге ескерту жасады
Фото: ІІМ

Ішкі істер министрлігі интернет алаяқтары жасөспірімдерді банк карталары арқылы жүзеге асырылатын заңсыз қаржылық схемаларға тартуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Polisia.kz мәліметінше, мұндай жағдайлар көбіне мессенджерлерде, әлеуметтік желілерде немесе онлайн ойындарда таралатын «жеңіл табыс» туралы ұсыныстардан басталады.

Алаяқтар жасөспірімдерге өз картасына ақша қабылдап, оны басқа шотқа аударуды немесе қолма-қол ақшаға айналдыруды ұсынады. Алайда мұндай әрекеттер ұрланған қаражатты заңдастыру схемасының бір бөлігі болуы мүмкін.

– Шын мәнінде бұл ұрланған қаражатты жымқыру схемасы болып саналады. Алаяқтар ізін жасыру үшін «дроптарды» пайдаланады: ақша бөгде шоттар арқылы өтіп, ал ұйымдастырушылар жасырын қалады, – деп ескертті ІІМ.

Ведомство мұндай операцияларға байқамай қатысудың өзі құқықтық жауапкершілікке әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

Осыған байланысты тәртіп сақшылары азаматтарды, әсіресе жасөспірімдерді жеке банк деректерін бөгде адамдарға бермеуге және күмәнді ұсыныстарға сенбеуге шақырады.

– Банк картасының деректерін және банк қосымшалары туралы мәліметті бөгде адамдарға бермеңіз. Ақшаны аудару арқылы «жеңіл табыс табу» туралы ұсыныстарға келіспеңіз. Күдік туындаса, міндетті түрде ата-анаңызға немесе өзіңіз сенетін ересек адамға хабарлаңыз, – делінген хабарламада.

Ішкі істер министрлігі интернет кеңістігінде қаржылық операцияларға қатысты кез келген ұсынысқа сақтықпен қарауға және заңсыз әрекеттерге тартылу қаупін ескеруге шақырды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары