Ғалымдар күйзелісті емдеудің жаңа әдісін тапты

/
Ғалымдар күйзелісті емдеудің жаңа әдісін тапты
сурет: istockphoto.com

Ұлыбританиядағы Бристоль университетінің ғалымдары депрессияны емдеудің мүлде жаңа тәсілін сынақтан өткізді. Зерттеу нәтижелері иммундық жүйедегі қабыну процестерін нысанаға алатын терапияның кейбір науқастарға көмектесуі мүмкін екенін көрсетті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Соңғы жылдары мамандар депрессияның дамуына тек психологиялық емес, ағзадағы қабыну процестері де әсер етуі мүмкін деген тұжырымға жиі тоқталуда. Зерттеулерге сәйкес, депрессияға шалдыққан әрбір үшінші адамның қанында қабыну маркерлерінің деңгейі жоғары болады.

Ғалымдар интерлейкин-6 (IL-6) деп аталатын ақуызға ерекше назар аударған. Бұл зат иммундық жүйенің жұмысын реттеуде маңызды рөл атқарады және депрессияның биологиялық механизмдерінің бірі болуы мүмкін.

Пилоттық зерттеуге емге қиын көнетін депрессиясы және жеңіл созылмалы қабыну белгілері бар 30 адам қатысты. Олардың 14-іне әдетте ревматоидты артрит сияқты қабыну ауруларын емдеуге қолданылатын тоцилизумаб препараты берілсе, қалған 16 адам плацебо қабылдаған.

Төрт аптадан кейін ғалымдар депрессия, мазасыздық, шаршау және өмір сапасы көрсеткіштерін салыстырды. Нәтижесінде тоцилизумаб алған топта жағдайдың жақсаруы айқынырақ байқалған. Бұл топтағы қатысушылардың 54 пайызы ремиссияға жетсе, плацебо тобында бұл көрсеткіш 31 пайыз болған.

Зерттеу авторлары мұны депрессияны емдеуде иммундық жүйені нысанаға алатын алғашқы перспективалы тәсілдердің бірі деп бағалайды. Сонымен қатар олар бұл әдіс болашақта әр науқастың биологиялық ерекшеліктеріне қарай жеке емдеу стратегияларын таңдауға мүмкіндік беруі мүмкін екенін айтады.

Дегенмен мамандар нәтижелерге сақтықпен қарау қажет екенін ескертеді. Зерттеуге қатысушылар саны аз болғандықтан, қорытындыларды растау үшін ірі клиникалық сынақтар қажет. Бұған қоса, тоцилизумаб күрделі дәрі саналады және оны дәрігердің бақылауынсыз қолдануға болмайды.

Ғалымдар қазір бұл әдістің қауіпсіздігі мен тиімділігін кең ауқымда зерттеуді жоспарлап отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары