"Сезім алға шығады": BMW компаниясы бірде-бір көліксіз жарнама түсірді

/
"Сезім алға шығады": BMW компаниясы бірде-бір көліксіз жарнама түсірді
сурет: famouscampaigns.com

BMW компаниясының Испаниядағы бөлімшесі мен Serviceplan Spain агенттігі «Moving Landscapes» атты жаңа жарнама науқанын ұсынды. Ерекшелігі – жарнамада брендтің көліктері мүлде көрсетілмейді, деп хабарлайды turkystan.kz famouscampaigns.com-ға сілтеме жасап.

Жобаның негізіне фотограф Иван Аррибас түсірген суреттер енген. Ол BMW көлігімен Испанияның әртүрлі өңірлерін аралап, табиғатты жай ғана фон ретінде емес, қозғалыс сезімін жеткізетін элемент ретінде бейнелеген.

Фотосуреттерде қозғалыс әсері әдейі қолданылған. Соның арқасында ағаштар, жарық пен табиғи ландшафттар автомобиль жарнамасынан гөрі абстрактілі өнер туындысына ұқсайды. Кадрлардың ешқайсысында көлік көрінбейді.

Serviceplan Spain агенттігінің креативті директоры Эмилио Вальверденің айтуынша, науқанның мақсаты – «ой тоқтап, сезім алдыңғы орынға шығатын сәтті көрсету».

Ал BMW Spain компаниясының брендтік коммуникациялар және іс-шаралар жөніндегі менеджері Сесилия Кальвете бұл жобаны клиенттің эмоциясына бағытталған ерекше тәжірибе деп сипаттады. Оның сөзінше, мұнда табиғат, жарық пен қозғалыс бірігіп, адамның ішкі сезімін жеткізеді.

Жарнама Испаниядағы сыртқы ақпараттық алаңдарда, Matador журналында және BMW-дің цифрлық платформаларында жарияланып жатыр.

Сарапшылардың пікірінше, бұл BMW-дің дәстүрлі жарнама тәсілінен алшақтап, өнімді емес, жүргізу кезіндегі әсер мен эмоцияны алдыңғы қатарға шығарған жаңа қадамы.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары