Астана қаласындағы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында «Ұлттық тіл қоры және әдеби мұра: ЖИ дәуіріндегі ортақ міндет» атты кездесу өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесуде Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов бастаған көрнекті қаламгерлер, ғалымдар мен жас зерттеушілер бас қосып, ұлттық тіл қоры, әдеби мұра және жасанды интеллект дәуіріндегі ортақ жауапкершілік туралы пікір алмасты.
Жиынның басты өзегі қазақ тілінің жаңа технологиялар дәуіріндегі болашағы, әдеби мұраны цифрлық ортаға бейімдеу және жасанды интеллект жүйелері үшін сапалы тілдік дерек қалыптастыру мәселелері болды.
Жиынды ашқан ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов қазақ тілін цифрландыру мемлекеттік деңгейдегі стратегиялық міндет екенін атап өтті. Оның айтуынша, жасанды интеллект енді тек технология саласының құралы ғана емес, тілдің, білімнің, ғылымның, мәдениет пен руханияттың дамуына тікелей әсер ететін жаңа өркениеттік құбылысқа айналды.
Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы Мереке Құлкенов:
«Қазақ тілі – халқымыздың жаны, рухы, тарихи жады. Ал әдебиет – сол тілдің ең бай қазынасы, көркем ойдың, ұлттық дүниетанымның, халықтық таным мен мінездің сақтаушысы. Сондықтан қазақ тілінің цифрлық болашағы туралы сөз болғанда, әдеби мұраны айналып өту мүмкін емес. Егер біз қазақ тілінің жаңа технологиялар дәуірінде толыққанды қызмет етуін қаласақ, әдеби мұраны цифрландыруға, жүйелеуге, ғылыми тұрғыдан саралауға және оны заманауи технологиялық платформаларға бейімдеуге ерекше көңіл бөлуіміз керек. Қазақстан Жазушылар одағы бұл жұмыстарға бейжай қарай алмайды. Өйткені әдебиет пен тіл тағдыры – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Бүгінгі таңда қазақ қаламгерлерінің шығармалары тек оқырманға ғана емес, болашақта жасанды интеллект жүйелерінің де тілдік қорына айналуы мүмкін. Сондықтан көркем мәтіннің сапасы, тіл мәдениеті, сөз тазалығы бұрынғыдан да маңызды бола түсті. Біз технологияның дамуына қарсы емес, қайта оны ұлттық мүддеге қызмет еткізуге мүдделіміз. Жаңа мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қазақ тілінің өрісін кеңейтуге, әдеби мұраны жаңа буынға жақындатуға және ұлттық құндылықтарды заманауи форматта насихаттауға күш салуымыз қажет»,- деді.

Кездесу барысында «Тіл-Қазына» орталығының жас ғалымдары әдістеме, терминология және қолданбалы лингвистика салаларындағы жекелеген жобаларды таныстырды.
«Тіл-Қазына» Басқарма төрағасы Мақпал Жұмабай «Қазақ тілінің цифрлық әлеуеті» тақырыбында баяндама жасады. Ол өз сөзінде орталықтың ұлттық тіл модельдерін әзірлеу ісінде табиғи тіл қорын жинақтау, өңдеу, метабелгілеу және сақтау бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келе жатқанын атап өтті.
«Бұл бағыттағы маңызды нәтижелердің бірі — Til-Qazyna LLM дербес салалық тіл моделінің жасалуы. Бүгінде бұл модель Hugging Face платформасында ғылыми және технологиялық қауымдастыққа, сондай-ақ отандық әзірлеушілерге қолжетімді. Орталықта әзірленіп жатқан бірқатар қолданбалы шешім де қазақ тілінің цифрлық ортада нақты әрі сапалы қызмет етуіне бағытталған», — деді Мақпал Жұмабай.
Жиында әдеби мұраның жасанды интеллект дәуіріндегі орнына да ерекше назар аударылды. Қатысушылар цифрлық ортада қазақ тілінің табиғи қалпын, бейнелі ойлау жүйесін, стильдік байлығын және ішкі болмысын сақтауда әдебиеттің маңызы зор екенін атап өтті.

Осы ретте «Тіл-Қазына» орталығы тарапынан «Әдеби цифрлық қор» және «Тіл үйретуде көркем мәтіндерді бейімдеу» жобалары ұсынылды. Бұл бастамалар әдеби мұраны жаңа технологиялармен сабақтастырып, қазақ тілінің цифрлық ортадағы қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған.
Кездесуде Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Төлен Әбдік ұлттық әдеби мұраның рухани салмағы мен оны сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Роза Мұқанова әдебиет пен жаңа технология арасындағы байланыстың мәні туралы ой қозғады.
Сондай-ақ Алдан Смайыл, Сауытбек Абдрахманов, Әлібек Асқар, Есберген Алауханов, Амантай Шәріп және өзге де қаламгерлер ой қосып, ұлттық тіл қоры, әдеби мұра, көркем мәтіндердің цифрлық ортадағы орны туралы мазмұнды пікір білдірді. Қатысушылар қазақ тілінің жасанды интеллект дәуіріндегі болашағы тек технологиялық шешімдерге емес, сапалы әдеби мәтінге, тіл мәдениетіне және қаламгерлік жауапкершілікке де тікелей байланысты екенін атап өтті.

Жиын соңында ҚР Жазушылар одағының төрағасы Мереке Құлкенов қорытынды сөз сөйлеп, қазақ тілін цифрландыру бағытындағы бастамаларға қолдау білдірді. Ол тіл мәселелерімен жүйелі айналысатын «Тіл-Қазына» секілді орталықтардың жұмысы ұлттық руханият үшін айрықша маңызды екенін атап өтіп, қазақ тілінің жаңа технологиялық кеңістікте дамуына ҚР Жазушылар одағы да мүдделі екенін және бұл бағыттағы жұмыстарға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.
Ашық әңгіме, кәсіби талқылау және еркін ой алмасу форматында өткен басқосуда әдеби мұраны цифрландыру, ұлттық тіл қорын дамыту және қазақ тілінің заманауи технологиялар дәуіріндегі әлеуетін арттыру мәселелері кеңінен сөз болды.

Қатысушылардың ортақ пайымынша, жаңа кезеңдегі басты міндет — қазақ тілінің технологиялық кеңістікте табиғи, сауатты әрі бәсекеге қабілетті тіл ретінде дамуына жағдай жасау. Тағылымды кездесу осы оймен қорытындыланды.