Токиода Азия қазақтарының құрылтайы өтті

Токиода Азия қазақтарының құрылтайы өтті

Жапония астанасы Токио қаласында сырттағы қандастардың басын қосқан ауқымды шара – Азия қазақтарының кіші құрылтайы өтті. Бұл халықаралық деңгейдегі басқосу Жапония қазақтары қауымдастығының бастамасымен, «Отандастар қоры» КЕАҚ және Қазақстан Республикасының Жапониядағы Елшілігінің тікелей қолдауымен ұйымдастырылды. Іс-шараға Малайзия, Корея, Моңғолия және Жапониядан 200-ге жуық отандастарымыз қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Алқалы жиынның негізгі мақсаты – Азия елдерінде өмір сүріп жатқан этникалық қазақтармен және отандастармен мәдени-гуманитарлық байланыстарды жаңа белеске көтеру, аймақтағы қазақ мәдени ұйымдарының институционалдық әлеуетін арттыру, олардың қызметін жүйелеу және шетелде ұлттық құндылықтарымыз бен төл мәдениетімізді кеңінен ілгерілету.

Құрылтайдың негізгі бөлігі Азия елдерінен келген кәсіби мамандар, ғалымдар мен зерттеушілер, іскерлік орта өкілдері, студенттер, сондай-ақ шетелдегі қазақ ұйымдарының басшылары мен белсенділері қатысқан кең көлемді пленарлық отырысқа ұласты. Ауқымды шараға Қазақстаннан арнайы делегация – ҚР Парламентінің депутаттары, танымал этнограф-ғалымдар мен отандық кәсіпкерлер қатысып, мемлекет пен диаспора арасындағы алтын көпірді бекемдей түсті.

Шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР Жапониядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Ерлан Кеңесұлы Баударбек-Қожатаев Күншығыс елінде қазақ диаспорасымен Елшілік атқарған жұмыспен таныстырып, Мемлекет басшысының 2025 жылғы Жапонияға жасаған тарихи ресми сапары кезінде қазақстандықтардың көрсеткен ерекше ауызбіршілігі мен ұйымшылдығын атап өтті.

Мемлекеттік деңгейдегі қолдау мен стратегиялық көзқарас та осы мінберден көрініс тапты. ҚР Парламенті Сенатының депутаты Бибігүл Жексенбайқызы өз құттықтауында:

«Қазақстанның ішінде аталы сөз айтылып, елдік мәселелер шешілетін Ұлттық құрылтай болса, шетелдегі қандастарымыздың басын қосатын мәдени бағыттағы құрылтайлардың да маңызы ерекше. Бүгінгі басқосу аясында Азия қазақтарының кеңесінің құрылуы – ортақ мақсаттарға жұмылудың жарқын үлгісі», – деп аймақтағы жаңа институционалдық бірлікті жоғары бағалады.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Нұргүл Тау шетелдегі отандастарымыздың интеллектуалдық және кәсіби жетістіктеріне тоқталып, олардың жинақтаған халықаралық тәжірибесі мен әлеуетінің Қазақстанның дамуына тигізер пайдасы мол екенін жеткізді.

Ал «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Данияр Қадыров өз кезегінде бұл кездесудің стратегиялық сипатына тоқталды:

«Бұл маңызды кездесу – шетелдегі отандастарымыз үшін ауадай қажет дүние. Олардың ана тілін, ділін, мәдениетін сақтап қалуына қолдау көрсету – біздің басты міндетіміз. Біз бұл бағыттағы жүйелі жұмыстарды алдағы уақытта да міндетті түрде жалғастыратын боламыз», – деп, құрылтай жұмысына сәттілік тіледі.

Жиынның келесі бөлігі тарих, шығыстану және этнография саласындағы белгілі отандық зерттеушілер мен ғалымдардың терең мағыналы баяндамаларына ұласты.

Алқалы жиында алғашқы болып сөз алған тарих ғылымының докторы Дүйсенәлі Әбділәшімұлы «Мәдени мұраны сақтау» тақырыбында іргелі баяндама жасап, орта ғасырлардағы қазақ тарихына терең ғылыми талдау ұсынды.

Тарихи сабақтастық тақырыбын ары қарай өрбіткен шығыстанушы, зерттеуші Олжас Қуанбай қазақ-жапон байланыстарының тамыры тереңде жатқанын алға тартты. Ол өз баяндамасында қазақ даласын, оның географиясы мен бірегей этнографиясын арнайы келіп зерттеген жапон ғалымдарының еңбектері мен олар қалдырған тарихи деректер туралы құнды мәліметтермен бөлісті.

Осы орайда, халқымыздың материалдық емес мәдени мұрасының тағы бір ажырамас бөлігі – ұлттық тағамдар философиясы да назардан тыс қалған жоқ. Белгілі этнограф-ғалым Айгерім Мусагажинова «Қазақтың көшпелі асханасы: табиғат, тағам және мәдени білімнің тоғысуы» тақырыбын ғылыми тұрғыдан пайымдады.

Жиында «Арқайым» нео-этно-фолк тобының мүшелері Абзал Арықбаев пен Анар Қасымова қазақтың дәстүрлі музыкалық өнері тақырыбында баяндама жасады. Олар көне музыкалық аспаптардың табиғаты, дыбыс жүйесі және олардың қазіргі заманғы музыкалық үрдістермен үйлесімі туралы құнды мағлұматтар берді.

Токио құрылтайының ең басты тарихи және практикалық нәтижесі – жиынға қатысушы Малайзия, Корея, Жапония және Моңғолиядағы қазақ қауымдастықтары басшыларының бірлескен шешімі болды. Спикерлер мен делегаттардың алдында тараптар «Азия қазақтарының кеңесін» құру туралы тарихи Меморандумға салтанатты түрде қол қойды.

Бұл құжат аймақтағы қазақ ұйымдарының күш-жігерін біріктіріп, ортақ жобаларды іске асыруға жол ашады. Шараның басты ұйымдастырушысы, Жапониядағы қазақтар қауымдастығының төрағасы Әбдібек Қалибек бұл қадамның маңыздылығын былай деп түйіндеді:

«Үш жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан Азия қазақтарының құрылтайы бүгін өзінің заңды әрі жемісті нәтижесін берді деп толық айта аламыз. Біз бүгін тарихи құжатқа – Азия қазақтарының кеңесін құру туралы меморандумға қол қойдық. Осы құжат аясында біз басқа елдердегі қазақ ұйымдарымен иық тіресе отырып, бірлескен жобаларды жасаймыз және жұмыстарымызды мүлдем жаңа деңгейге көтеретінімізге сенімдімін».

Құрылтай жұмысы бұдан әрі қазақтың бай мұрасын паш еткен ауқымды екінші мәдени бөліммен жалғасты. Арнайы ұйымдастырылған қолөнершілер мен зергерлердің туындылары және ұлттық киімдер көрмесі жиналған қауымның назарына ұсынылды.

Мәдени шара аясында белгілі актер, сценарист Сағаділдә Үсіпәлі баланың тұсаукесер рәсімін өткізіп, бұл ғұрыптың өскелең ұрпақ тәрбиесіндегі терең мән-мағынасын көпшілікке түсіндіріп берді. Тұсауы кесілген бүлдіршінге Жапониядағы тұңғыш қазақ сумошысы, ел мақтанышы Ерсін Балтағұл (Кимбодзан Харуки) құрметті қонақ ретінде ақ тілегін арнап, өсиетке толы батасын берді.

Ұлттық нақыштағы шараның көркін «Aisha kumisteri» брендінің бірегей зергерлік бұйымдарымен әрленген «Jadagay» сән үйінің заманауи ұлттық киімдер дефилесі аша түсті. Жиналғандардың таңданысын тудырған бұл көрсетілімде қазақ халқының дәстүрлі киім үлгілерін қазіргі заман эстетикасымен шебер үйлестірген, 100% табиғи түйе жүнінен сырылып тігілген бірегей сырт киімдер жұртшылық назарына ұсынылды. Ал осы бейнелерді толықтырған әшекейлер – қазақтың зергерлік өнерінің заңдылықтарымен таза қолдан жасалған авторлық туындылар.

Ал кештің шымылдығын түрген салтанатты концерттік бағдарламаны жапондық домбырашы Акира Құрманғазының рухты күйімен ашып, шетелдік қонақтарды тәнті етті. Бұдан кейін сахна төріне шыққан «Арқайым» тобы этно-фольклор жанрындағы өнерімен көрерменді көне дәуір сарынына жетелесе, қазақстандық танымал жас әртістер Нұрбек Елемес (dudeontheguitar) пен Yenlik заманауи хит әндерін орындап, жиналған жастарға ерекше серпін мен ұмытылмас әсер сыйлады.

Токио төрінде өткен бұл алқалы жиын – бүгінде жаңадан қалыптасып, интеллектуалдық әрі мәдени әлеуеті артып келе жатқан Азия өңіріндегі тұтас қазақ диаспорасы үшін бірлік пен рухани жаңғырудың символына айналған, маңызы зор шара ретінде шежіреге енді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары