«Өз көзіммен көріп отырған адаммын»: Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев көпшіліктің сұрағына жауап берді

/
«Өз көзіммен көріп отырған адаммын»: Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев көпшіліктің сұрағына жауап берді
Әлеуметтік желіден

Олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсекбаев спорт саласында соңғы жылдары оң өзгерістер байқалып жатқанын айтып, мемлекет тарапынан ардагер спортшыларға көрсетіліп жатқан қолдауды жоғары бағалады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазіргі уақытта Венгрияда жастар құрамасымен бірге жарыста жүргенін айтқан ол әлеуметтік желідегі парақшасында спорт саласындағы реформалар туралы пікір білдірді.

Сәрсекбаевтың айтуынша, Президенттің спортты мәдениет саласынан бөліп, жеке министрлік құру туралы шешімі саланың дамуына серпін берген.

«Қазақстан спортының әр кезеңін көрген адам ретінде бүгінгі жағдайды бұрынғы кезеңмен салыстыруға толық құқығым бар. Спорт мәселелері жеке қаралып, қордаланған түйткілдерді шешуге мүмкіндік пайда болды», – деді Олимпиада чемпионы.

Ол тәуелсіздік жылдары қазақстандық спортшылар көптеген жетістікке жеткенімен, кейбір Олимпиада және әлем чемпионаттарының жүлдегерлері кейін назардан тыс қалып, жұмыссыз қалғанын атап өтті.

«Елге еңбек сіңірген спортшылардың арасында шетелге кетуге мәжбүр болғандар да, қиын жағдайға тап болғандар да болды. Соның бірі өзіммін. Бір кездері шетелден нәпақа іздеуге тура келді», – деп жазды ол.

Бақыт Сәрсекбаев соңғы жылдары спорттан шет қалған тәжірибелі мамандар мен спортшылардың қайтадан жүйеге тартылып жатқанын, олардың әлеуметтік мәселелерін шешуге және тұрақты жұмыспен қамтуға көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.
Сондай-ақ ол мәнерлеп сырғанаушы Михаил Шайдоров төңірегіндегі пікірталастарға қатысты ойын білдіріп, спортшыны қолдауға шақырды.

«Чемпион болсаң, жанашыр да, ақыл айтушы да көп болады. Барлығы шешіледі, Миша», – деп жазды Сәрсекбаев.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары