Бірнеше дәріні қатар ішуге бола ма? – Дәрігер жауабы

/
Бірнеше дәріні қатар ішуге бола ма? – Дәрігер жауабы
istockphoto.com

Қазіргі медицина көптеген ауруларды тиімді емдеуді үйренді. Алайда сонымен қатар жаңа мәселе – полипрагмазия да пайда болды. Бұл термин бір мезгілде көптеген дәрі-дәрмекті, көбіне бес және одан да көп препаратты қатар қабылдауды білдіреді. Биология ғылымдарының докторы Нина Киселеваның айтуынша, бүгінде полипрагмазия денсаулық сақтау саласындағы ең өзекті мәселелердің біріне айналған, деп хабарлайды turkystan.kz.

– Полипрагмазия дегеніміз не және ол қашан орынды саналады?

– Егер пациент бір уақытта көп мөлшерде дәрі қабылдаса, бұл полипрагмазия деп аталады және ол қазіргі медицинаның өткір мәселелерінің бірі болып отыр. Бұл ұғымды Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мойындағанымен, нақты бекітілген анықтамасы жоқ. Әдетте полипрагмазия деп бес және одан да көп препарат қабылдауды айтады. Өткен ғасырдың 90-жылдарынан бастап егде және қарт жастағы полипрагмазиясы бар науқастар санының тұрақты өсуі байқалады. Кей жағдайларда мұндай тәсіл емдік мақсатқа жету үшін орынды болуы мүмкін, бірақ ол үшін пациенттің жағдайын, соның ішінде зертханалық көрсеткіштерін үнемі бақылап отыру қажет. Мысалы, туберкулез, ЖИТС және басқа да ауыр ауруларды емдеу кезінде.

– Дәрілердің үйлесімі емнің тиімділігін төмендетуі мүмкін бе? Мұндай ем қаншалықты тиімді болады?

– Мұндай емнің тиімділігі дәрілердің дұрыс таңдалған комбинацияларына байланысты. Кейбір үйлесімдер кезінде әсері айтарлықтай төмендеуі мүмкін. Мысалы, гипертензияға қарсы препараттардың әсерін диклофенак, ибупрофен секілді стероидты емес қабынуға қарсы дәрілер әлсіретуі ықтимал. Кей жағдайларда бір дәрі екіншісінің сіңуіне, шығарылуына немесе метаболизміне кедергі келтіреді.

– Қабылданатын дәрілер санына қатысты шектеу бар ма?

– Өкінішке қарай, нақты шектеу жоқ. Барлығы өте жеке жағдайға байланысты. Бұған дейін айтылғандай, тәжірибе жүзінде бес дәрі қабылдаған кезде жағымсыз салдар қаупі артатыны анықталған. Бірақ бұл бес дәрі – ең жоғарғы шек дегенді білдірмейді. Сондықтан Денсаулық сақтау министрлігінің 2012 жылғы 2 қарашадағы №575н бұйрығына сәйкес, созылмалы науқасқа бір мезгілде бес және одан да көп дәрі немесе курстық ем кезінде оннан астам препарат тағайындалса, емдеуші дәрігер клиникалық фармакологтың кеңесін алуға міндетті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары